25.09.2023, 10:00

«Мен білемін» деп кеуде соғу билікте әлі бар – Ермұрат Бәпи (ВИДЕО)

Парламентке келгеннен бері көзім жеткен дүние – қалыптасқан жүйені бірден бұзып тастауға болмайды екен.

25 жыл оппозицияда жүріп, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты атанған Ермұрат Бәпи Qasqa Jol Youtube арнасына сұхбат беріп, депутаттық сауал, қоғам мен билік және «ескі жүйе» жайлы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, билікте қалыптасқан жүйені бірден өзгерту мүмкін емес. 

Депутаттық сауал санымен емес сапасымен бағалануы керек. Жалпы саны жағынан мен Парламентте алғашқы ондықта жүрген шығармын. Ал, қоғамдағы ең өзекті тақырыптарды көтеру жағынан алдыңғы үштіктемін деп ойлаймын. Тақырыпты айту бар, оның жүзеге асуы бар. Біз билікке, қоғамға, азаматтарға жанталасып жанайқайымызды жеткіземіз. Бірақ билік тарапынан орындалу жағдайы әлі де сын көтермейді. Өйткені бұл - 30 жыл қалыптасқан жүйе. Қоғам, қоғамдағы азаматтарды менсінбей «мен білемін» деген сияқты кеуде соғу билікте әлі бар. Қазір оны бірден тып-типыл етіп жойып тастау мүмкін емес. Қазір Тоқаев тарапынан біртіндеп бастамалар көтеріліп жатыр. Баяу болы мүмкін, біз күткендегідей емес екпіні аз болуы мүмкін, бірақ мен Парламентке келгеннен бері көзім жеткен дүние – қалыптасқан жүйені бірден бұзып тастауға болмайды екен, - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты.