Тоқаев бірнеше мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
«Ақорда» резиденциясында он төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы дипломаттарға еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына негізделген әділетті әлем орнату тәртібін жақтайтынын айтты.
Қазақстан елдің қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт сыртқы саясат жүргізеді. Біз сіздердің мемлекеттеріңізбен өзара тиімді, достық қарым-қатынастарды кеңейтуге және нығайтуға мүдделіміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық даму тұрғысынан келешегі зор екенін, елімізді әлемдік экономиканың маңызды бөлігіне айналдыру үшін барлық мүмкіндікті жасайтынын атап өтті.
Еліміз – Орталық Азия өңіріндегі экономикасы ең дамыған мемлекет. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Экономикамызды одан әрі орнықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент салтанатты рәсім соңында елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту ісінде табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев сенім грамоталарын тапсырған елшілер мемлекеттерінің басшыларына ізгі тілегі мен сәлемін жолдады.