Президент Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндалды.
Жанат Элимановтың баяндауынша, мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылды, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендеді.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданған, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылған. Есірткінің заңсыз айналымынан түсетін кірістерді жылыстату үшін пайдаланылған 924 банктік шот бұғатталған.
Агенттік төрағасы криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылғанын, крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленгенін мәлім етті. 9 ай ішінде заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан.
Елімізде алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің Binance криптобиржасындағы арнайы шотына салынған.
Бұдан бөлек, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуға көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті, – делінген Ақорда хабарламасында.