$ 495.2  522.34  4.94

Шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз – Тоқаев

Қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шаралар жалғаса береді.
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы «Отандастар» форумына қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды «Отандастар» форумының ашылуымен құттықтады.

Бұл – халқымыз үшін айрықша мәні бар басқосу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Ата-бабамыз қашанда елдік мәселелерді алқалы жиында ақылдасып шешкен. Осы орайда шетелдегі қазақтармен жан-жақты байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және басқа да өзекті мәселелерді өздеріңізбен бірге талқылаудың маңызы зор. Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз. Олардың Атажұртқа қоныс аударуына барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығын және қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін «Ата жолы» картасы енгізілді. Басқа да маңызды жұмыстар атқарылуда. Қандастармен қарым-қатынасты дамыта түсуге бағытталған осындай шаралар жалғаса береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға әлемнің әр түкпірінен арнайы келген қандастарымыз бен мәртебелі меймандарға алғыс айтып, аталған басқосуда алыстағы ағайынмен байланысты нығайтуға септігін тигізетін салиқалы ой, салмақты пікірлер айтылатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына зор денсаулық, бақ-береке тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары