Танымал отандық саясаттанушы Расул Жұмалы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің соңғы әрекеттерін сынға алып отыр. Айтуынша, министр президенттің тасасына тығылмай, халықтың сауалына ашық жауап беруі тиіс. Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Жұмалының айтуынша, Сағадиевке айтылып отырған сынның барлығы толықтай негізді.
«Білім министрі Сағадиевке Азаматтық қоғам тарапынан айтылып отырған уәж бен сын толықтай негізді. Ал, енді халық қаражатына күнелтіп отырған шендінің "Хақыларың жоқ", "Бәрі жалған", "Шешетін сендер емес", "Прокуратураға шағымданам" тектес әңгімелері министрлікке де, тұтас билікке де абырой әкелмесі анық. Керісінше. Ендеше президенттің тасасына тығылмай, неге ашық сұраққа тіке жауап бермеске? Өз басым ондай мүмкіндікті "Эксклюзив" сайты аясында ұсынуға әзірмін. Әрине министрдің батылдығы жетіп айтары болса. Болмаса - ол да жауап. Тек одан соң үндемеген абзал», - дейді саясаттанушы.
Айта кетейік, соңғы бірер апта бойы Ерлан Сағадиевтің басына үйірілген қара бұл сейілер емес. Қоғам белсенділері оған мектеп бағдарламасынан "Әліппені" алып татсады, ЖОО-да "Қазақ тілі" мен "Әдебиет" кафедраларын жауып тастады, "Қазақстан тарихы" пәнін қысқартып тастады деген айыптар тағуда. Оны кінәлаушылардың қатарында білдей академиктер мен ғалымдар, педагогтар және қарапайым азаматтар бар.