10.03.2017, 03:34

Президент үшін 314 мың қол жинаған ЕҰУ ректоры Білім министрі болуы мүмкін

Ерлан Сыдықовтың Еуразия Ұлттық университетіне қалай және қашан ректор болғанын жұрттың есінен шыға қойған жоқ. Бұл сонау 2011 жылдың шіліңгір шілдесі еді.

2010 жылдың соңында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін басқарып жүрген тұста Сыдықов Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартайық деп бастама көтерген болатын. Бастама көтеріп қана қоймай, жұртты референдум өткізуге үгіттеді, ол үшін 314 мыңнан астам қол да жинады.

Әрине, референдум елде өткен жоқ. Елбасы бұл бастамадан бас тартып, 2011 жылы президенттік сайлау өткізді және 95,5% дауыспен жеңіп шықты. Бірақ, Сыдықовтың еңбегі еш кетпесін деді ме, оны Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне ректор етіп өзі тағайындады.

Міне, кеше бүкіл азаматтық қоғам Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің отставкаға кетуін талап етіп жатқанда, Ерлан Сыдықов Пезидентке кіріп шықты. Иә, ресми ақпарат көздерінде оның өткен жылға есеп беріп, қазіргі жұмыс барысы туралы айтқаны жазылуда. Дегенмен, Ақордаға жақын "кісілердің" айтуынша, Мемлекет басшысы бір Ерлан мен екінші Ерланның орындарын алмастыруы мүмкін.

Бұл әрине, саяси болжам ғана. Өйткені, дәл қазір академиктер, педагогтар, қоғам белсенділері, кейбір қайраткерлер Ерлан Сағадиевтің білім саласына енгізіп жатқан реформаларына түбегейлі қарсылық танытуда. Қарсылық танытып қана қоймай, министрдің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Ал, мұндай сәтте саяси болжамның жасалуы заңдылық.

Егер Сағадиев отставкаға кетсе министрдің креслосына академик Асқар Жұмаділдаев отырса екен деп ниет білдірушілер де аз емес. Дегенмен, кімді министр етіп тағайындауды халық емес, Президенттің өзі шешетіні белгілі. Сондықтан, алдағы уақытта ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов министр боп жатса оған да таң қалмаңыз. Халық арасынан 314 мың қол жинай алсаңыз сіз де бір жерді "тесіп шығарыңыз" анық.