Әңгіме барысында екі елдің көшбасшылары екіжақты ынтымақтастық пен еуразиялық кеңістіктегі өңірлік іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабаралайды skifnews.kz.
Ақорда баспасөз қызметі хабарлағандай, екі мемлекеттің басшылары Украинадағы дағдарыстық жағдай туралы, сондай-ақ Украина Президентімен түрлі форматта, соның ішінде Кедендік одақ мүшелері мен Украина кездесуі немесе ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезектен тыс отырысы аясында тікелей келіссөздер жүргізу жөнінде бірлескен қадамдар қабылдау мүмкіндігі туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей Президенттері тараптардың ұстанымдарын жақындату үшін Әзербайжан және Армения басшыларының Сочи қаласында өтетін алдағы кездесуіне қатысты мәселені талқылады.
Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты Ресей Федерациясының бірқатар елдерден ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік әкелуді шектеу жөнінде қабылдаған қадамдары туралы хабардар етті. Бұл Ресей Федерациясының бір жақты шарасы екені және ол Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше өзге елдерді қатыстыруды қарастырмайтыны атап өтілді.