Bloomberg басылымы батыс саясаткері “Путиннің артқы ауласына” қонды деп жазды.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстанды "Путиннің артқы ауласы" деп атаған әйгілі әлемдік БАҚ-тағы шулы тақырыпқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өткен аптада елімізге Франция президенті Эммануэль Макрон келді. Bloomberg басылымы батыс саясаткері “Путиннің артқы ауласына” қонды деп жазды. Бұл мақала желіде үлкен резонанс тудырды және қазақстандықтардың ашуына тиді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Ақпараттық агенттіктің қитұрқы тақырыбына қатысты пікір білдірген Жұманғарин Қазақстанның ешкімге тәуелді емес екенін айтты.
Қазақстан ешкімнің артқы ауласы емес. Біз - сан ғасырлық тарихы бар тәуелсіз елміз. Жақында Түркістанда ресейлік әріптестерімді Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апардық. Сол кезде экскурсовод залдардың бірінде хан өз кезеңінде елшілерді қабылдағанын айтты. Ол өте көп жыл бұрын болды. Сонда ресейлік әріптесімнің бірі біздің тарихымыз жайлы ештеңе білмейтінін мойындады. Кімнің артқы ауласы екенбіз? Мұның бәрі бос әңгіме, - деді Жұманғарин.