Қазақстан үкіметін алғаш рет күштік құрылым өкілі басқарғалы отыр.
Олжас Бектенов Премьер-Министр лауазымына тағайындалды. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев Олжас Бектенов туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, Бектенов елімізде тағайындалған ең жас премьер-министр болуы мүмкін. Қазақстанның қазіргі дамуы жағдайында көп мәселеге және оның шешімін табуға салыстырмалы түрде жаңа көзқарас керек.
Қазақстан үкіметін алғаш рет күштік құрылым өкілі басқарғалы отыр. Рас, экс-премьерлер Әкежан Қажыгелдин мен Кәрім Мәсімов бір кездері арнайы қызметте істеп үлгерді. Бірақ бұл ілгеріде – КСРО дәуірінде болған еді. Тәуелсіз Қазақстанда олардың әрқайсысы мемлекеттік қызметке бизнес саласынан келді. Олжас Бектенов болса, 2002 жылдан бері үздіксіз мемлекеттік қызметте. Оның үстіне, 10 жылдан аса уақыт сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін органда істепті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына дейін көтерілген, – дейді саясаттанушы.
Андрей Чеботаревтің пайымдауынша, 2022 жылы ақпан айында Бектеновтің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болып тағайындалуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оған қатты сенетінін көрсетсе керек.
Бектенов премьер-министр болып тағайындалса, ол ұйымдастыру-бақылау мәселелеріне, мемлекеттік аппараттағы жемқорлыққа қарсы тұруға, заңсыз жолмен тапқан активтерді мемлекет бақылауына қайтаруға және жаңа «ойын ережелерін» сақтау бойынша ірі бизнес өкілдерімен өзара іс-әрекет жасауға басымдық береді. Осыған орай, экономиканы және әлеуметтік саланы басқару ісі жетекшілік етуші вице-премьерлерге жүктелетін болады, – дейді «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры.
Дереккөз: Nege.kz