$ 494.87  520.65  4.91

Қырғызстан президенті: Жасыратыны жоқ, бәріміз өз мүлкімізді біреудің атына рәсімдеп алғанбыз

Менің мүлкімнің бағасы – шамамен 20 миллион доллар. Заңдастыру үшін мемлекетке миллион қырғыз сумын (11,2 мың АҚШ доллары) төледім, - деді ол.

Фото: kk.wikipedia.org
Фото: kk.wikipedia.org

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 20 млн доллар тұратын мүлкін заңдастырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facеbook әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Менің мүлкімнің бағасы – шамамен 20 миллион доллар. Заңдастыру үшін мемлекетке миллион қырғыз сумын (11,2 мың АҚШ доллары) төледім. Бұл заң бойынша талап етіледі. Менің шетелде депозитім жоқ. Бар болса да мен оларды біздің банктерге салып қояр едім, – деді Жапаров.

Оның айтуынша, заңдастыру туралы заң 2023 жылы қабылданған. Бұл Қырғызстанның қалтасы қалың азаматтарының ақшасы мен басқа дүние-мүлкін шетелде ұстамай, өз еліне әкелу үшін жасалған.

Жасыратыны жоқ, бәріміз өз мүлкімізді біреудің атына рәсімдеп алғанбыз. Ол енді рас. Оған қоса, еліміздің ауқатты азаматтары әлі күнге дейін миллиардтаған ақшасын шетелдік банктерде сақтайды. Бізде ондай байлар көп. Енді проблема болмауы үшін бұл активтерді заңдастыруға мүмкіндік жасап жатырмыз, – деді ол одан әрі.

Сондай-ақ қырғыз елінің президенті мүлікті 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана заңдастыруға болатынын айтты. Одан бөлек, осы мүмкіндікті пайдаланған адамға мемлекет заңдастырылған капиталдың сақталуына 100 пайыз кепілдік беретінін уәде етіп, өзінің мүлкі туралы да айта кетті.

Ал енді өзімнің жекеменшіктегі ғимаратыма келсем, мәселе былай. Мен өздеріңіз жақсы білетіндей, саясатқа бизнестен келдім. 2005 жылы бизнестен Жогорку Кенешке депутат болып сайландым. Фотодағы ғимарат Бішкектегі Ибрагимов көшесінде орналасқан. Үйдің нөмірі керек болса, айтайын – №95. Біз оны 2005 жылы сала бастадық. Бес жыл салып, құрылысы 2010 жылы бітті. Сәуір революциясынан кейін ол «Ата-Журт» партиясының штаб-пәтері болды. Содан кейін билік бізді оппозиция болғанымыз үшін қудалады. 2020 жылға дейін ғимарат жұмыс істемеді. Бірақ біз салық төлеп отырдық. 

2020 жылы президент сайлауында ғимаратты пайдаланып, оны штаб-пәтер еттік. Әрине, ол кезде менің атымда болған жоқ. Оны басқа адамның атына жаздырып қойған едім. Енді Заңдастыру туралы заңды пайдаланып, мен алғашқы болып ғимаратты өз атыма жазып алдым. Сіздер де солай етіңіздер.

Айтуынша, қазір ғимараттың бағасы шамамен 20 млн АҚШ доллары тұрады. Оның елде де, шетелде де осы ғимараттан басқа мүлкі жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары