«Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды».
Ертеден «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әділдікті ту еткен қазақ халқы өкінішке орай бүгінде дендеп кеткен жемқорлық дертінен айыға алмай жүр. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» ұғымдарын кеңінен насихаттап, қоғамның жаңа ұстанымы ретінде ұсынған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елдің, тұтастай қоғамның құлдырауына рухани дерттердің әсері көп. Сондай зиянды рухани кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Өкінішке орай, елімізде бұл кесел қағазға хатталып жазылмаған, бірақ әбден орнығып алған үлкен жүйеге айналып кеткелі қашан. Бір қуантарлығы осы рухани кеселмен күрестің нәтижесінде бүгінде қаншама қылмыстың беті ашылып, қаншама адамның ақысы қайта қалпына келтірілді.
Қоғамның кері кетуіне, рухани азғындауына, шын мәнінде өнерлі, білімді, жасампаз қоғамның орнауына үлкен кедергі келтіретін дертпен күрес соңғы жылдары өте белсенді түрде жүргізілуде. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің есептері мен ақпарат көздерінде жариялап отырған деректерінен байқауға болады. Мысал ретінде тек бірнеше істі келтіре кетейік.
Мысалы, 2023 жылғы желтоқсанда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 320 орындық мектептің құрылысы аяқталды, оның құрылысы 2018 жылы басталып, 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған еді. Алайда, шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты құрылыс 4 жылға созылды.
Бүгінде мектеп салынып бітті, балалар білім алуда.
Тағы бір мысал, Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданы Казталовка ауылында 600 орындық мектеп пайдалануға қабылданды (бастапқы тапсыру мерзімі – 2021 ж., сомасы 2,6 млрд теңге). Қазіргі уақытта мектепте 549 оқушы оқиды.
Аталған объект бойынша сүйемелдеу шеңберінде 61 млн теңге сомасына бюджет қаражатын ұтымсыз пайдалануға жол берілмеді. Бұл сомаға тиісті жұмыстар орындалмады.
Биыл 15 қаңтарда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде 300 орындық мектеп салынып бітіп, ашылды.
Бұл мектептің құрылысы 2 жылға созылды (2022 жылдан бастап), ауылда мектеп болмады, оқушылар көрші ауыл мектебінде білім алды (қашықтық 5-6 км). Қазір балалар өз ауылында оқиды.
Бұл деректер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2024 жылғы 24-қаңтарда өткізген брифингінде берілген мәліметтер. Кезінде ұлттық құныдылықтарымыздың тамыры боп келген ауылдық жерлерде бүгінгі күні рухани құндылықтардың құлдырап кеткені жанға батады. Оның көрінісі ретінде ауылдан шығып жатқан түрлі қылмыстарды айтуға болады, сондай-ақ ммемлекет есебінен бөлінген қаржыны орынды қолданбай, керекті жеріне жеткізбей, орта жолда қу құлқынның құрсауынада қалып қойып жатқаны өзекті өртейді. Сондай көріністің бірі еліміздегі біршама ауылдарда ауызсусыз, интернетсіз, газсы, тіпті кәдуілгі тас жолсыз немесе жарықсыз отырған елді мекендердің әлі де бар болуы.
Мысалы, Антикор ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету проблемаларын назарға ала отырып, сүйемелдеу шеңберінде Павлодар (Ликер, Сервис, Майкөбе, Қызылшілік ауылдары), Шығыс Қазақстан (Қызыл Жұлдыз, Майемер, Алтынбел ауылдары), Қостанай (Сокол, Троебратное, Сатай ауылдары) және Батыс Қазақстан облыстарының (Жаңа өмір кенті) 11 елдімекенінде су құбырларының құрылысы аяқталды (Павлодар облысы – 4, ШҚО, Қостанай облысы – 3 және БҚО – 1).
Осы елдімекендер қазір сумен қамтамасыз етілген. Су құбырларының құрылысы бір жылдан үш жылға дейін созылды.
5 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залының құрылысын аяқтауды қамтамасыз етілген.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында 2020 жылдан бастап денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай келген, бүгінде ол да пайдалануға берілген.
Қостанай облысында Сарыкөл ауданында облыстық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысының аяқталуы қамтамасыз етілді (Сарыкөл-үлкен Дубравы). Жөндеу жұмысы 2017 жылы басталды және 2020 жылы аяқталуы керек еді.
Бұл мысалдардың артында қанша көзге көрінбейтін қылмыс пен рухани тоқырау жатқанын байқауға болады.
Президент «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды» деп Ұлттық құрылтайда атап өткендей адалдық пен шынайылық, шыншылдық үстем құрған ел болғымыз келсе онда әрбір азамат ең алдымен өзі мен отбасынан, жақындарынан осы құндылықтарды талап ете білуі әрі берік ұстануы қажет.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, балаларымыз бен ұрпағымыздың табысты, бақытты елде ғұмыр кешкенін қаласақ, онда бізге осы ұғымды өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдыру лазым болады.
Бір-біріне деген сенім мен адал бәсекелестік, Заң үстемдік құрған елдің азаматтары белсенді, санасы сергек, ісі мен сөзіне адал боп келеді. Бұл өз кезегінде озық ойлы қоғамның қалыптасуына, қылмыстардың азаюына, сыбайлас жемқорлықтың жойылуына себеп болады. Сондықтан осы бір дендеген рухани кеселден арылу үшін оның антидоты ретінде дұрыс рухани құндылықтарды кеңінен насихаттап, халықтың санасына, күнделікті өмірлік ұстанымына айналдырған абзал.