13.07.2024, 19:30

Батыс елдері Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына зымырандық шабуылын қалай қабылдады?

Фото: UA_NATIONAL_POLICE

НАТО саммитінде 24 мемлекет Украинаны қорғау бойынша келісімге (Ukraine Compact) қол қойды.

Ресейдің Киевке жіберген зымырандарының бірі балалар ауруханасына түскені қатаң айыпталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Шілденің 8-күні таңертең Ресей Киевке соңғы жылдағы ең ауқымды зымыран шабуылдарының бірін жасады. Соққылардың бірі «Охматдет» ұлттық мамандандырылған балалар ауруханасының ғимаратына тиді.

Ал 9-шілдеде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысына қатысушылардың көпшілігі Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған зымырандық шабуылын қатаң айыптады. Сондай-ақ, бұл шабуыл үшін жауапкершілікті Украинаға аударуға тырысқан Мәскеуді сынға алды.

Ауруханаға қасақана шабуыл жасау әскери қылмыс болып табылады және кінәлілер жауапқа тартылуы керек. Бұл оқиғалар Украинаның денсаулық сақтау саласына және басқа да азаматтық инфрақұрылымға зиянын тигізетін "жүйелі шабуылдардың" аса алаңдатарлық жайттардың бөлігі болып табылады, - деді БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелер жөніндегі бас хатшысының міндетін атқарушы Джойс Мсуя.

БҰҰ елшісі Ресейдің жасаған әрекеті жан түршіктіретінін және Кеңес жиының тікелей осы оқиғаға қатысты болып жатқанын атады.

Біз бүгін осында отырмыз, өйткені Ресей, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі президенті балалар ауруханасына шабуыл жасады және мен мұны айтқан сайын денем түршігеді, - деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Линда Томас - Гринфилд.

Британдық Барбара Вудворд Ресейдің шабуылдары «Қауіпсіздік кеңесі үшін масқара жағдай» деп қосты. Француз өкілі Охматдет ауруханасына жасалған шабуылды «әскери қылмыстар тізіміндегі тағы бір жазба» деп атап, осы үшін Ресей жауапқа тартылуы тиіс екенін айтты.

Ал Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Гэн Шуан Мәскеуді тікелей айыптаған жоқ.

Өкінішке қарай, шайқас соңғы уақытта бәсеңдеп жатқан жоқ, керісінше оқтын-оқтын күшейіп, көп шығынға ұшырап, қатыгездікке ұласып барады. Қытай бұл үшін қатты алаңдаулы, - деді Гэн.

Десе де, Ресей Федерациясының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Василий Небензя «Ресей Украинадағы азаматтық нысандарға шабуыл жасамайды» деп ақталуға тырысты. Оның айтуынша, Киевке жасалған шабуылдың негізгі нысанасы Артём атындағы Киев зауыты болған, ал Охматдет ауруханасы украиндық әуе қорғанысының зымыранымен атылған. Алайда, ресейлік өкіл Небензя бұл нұсқаға ешқандай дәлел келтірмеді.

Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сергей Кислица кездесуге қатысушыларға зымыранның ауруханаға қарай ұшып бара жатқанын және оның траекториясын көрсететін фотосуреттерді көрсетті.

Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен НАТО саммитінде 24 мемлекет Украина бойынша келісімге (Ukraine Compact) қол қойды. Еурокомиссия келісімнің мәні Киевтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұжымдық күш-жігерді үйлестіру және жеделдету деп түсіндіреді.

Құжат 2023 жылы Вильнюстегі НАТО саммитінде қабылданған Украинаны қолдау туралы бірлескен декларацияны, сондай-ақ әр елдің Украинамен жасаған қауіпсіздік туралы келісімі мен уағдаластығын негізге алады.

Осы келісімшарт арқылы біз Украинаның бостандығын, тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сәтті қорғап, болашақта агрессия әрекеттерін тоқтата алуын қамтамасыз ететініміз туралы ниетіміз бен міндеттемелерімізді жариялаймыз, - делінген құжатта.

Мемлекеттер арасында Германия, Франция, Испания, бірқатар ЕО елдері, Жапония, Канада, АҚШ бар.

Сондай-ақ АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джейк Салливан АҚШ пен Украина бірлесіп жауап беретінін мәлім етті.

Reuters-тің жазуынша, Джейк Салливан:

Біз Украинамен бұл шабуылмен күресу және әлдеқайда күшті, жігерлі жауап қайтару үшін бірлесе жұмыс істейміз, деді.

9 шілдеде Вашингтонда НАТО саммитінің ашылуында сөз алған альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Украинамен соғыста жеңіске жетуін НАТО үшін «ең үлкен қауіп» деп атады.

Оның айтуынша, мұндай нәтиже Ресей президенті Владимир Путинге және Иран, Солтүстік Корея және Қытайдың басқа басшыларына «батылдық береді».