Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкіл Изуми Накамицуды қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісінде Қазақстанның БҰҰ институттарымен жан-жақты ықпалдастығының перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысының орынбасарына ілтипат білдіре отырып, Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемаларын шешуде айрықша рөл атқаратынын және оның орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынын атап өтті.
– Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар тұрғысынан алғанда, бұл мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы арта түсті. Мұның алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Ертең біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеміз. Бұл – бүкіл адамзат баласына ядролық сынақтар жүргізудің әрі ядролық қаруды қолданудың қауіпті екенін еске салатын өте маңызды дата. Еліміз БҰҰ институттарымен тығыз байланыс орнатуға бейіл әрі Ұйымды баламасы жоқ, әмбебап халықаралық құрылым ретінде қарастырады, – деді Президент.
Изуми Накамицу Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерісте көшбасшылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ еліміздің орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Изуми Накамицу халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.