05.10.2024, 11:30

Алматыда автобус апатқа ұшырап, бір әйел көз жұмды

Фото: видеодан алынған кадр

Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алматыда қоғамдық көлік пен Mitsubishi соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөлімінен мәлім еткендей, жол-көлік апаты бүгін түскі сағат 14:48-де Алматының Жетісу ауданында болды.

"Mitsubishi" маркалы көліктің жүргізушісі Солтүстік айналма көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Бөкейханов көшесінің қиылысында жеке тасымалдаушыға тиесілі № 58-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан.

"Жол апаты салдарынан "Mitsubishi" көлігінде отырған әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Адам өліміне әкеп соқтырған апат бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.