18.10.2024, 19:20

«Қазақ тілін меңгергені керек емес»: ҚФФ басшысы Черчесовке қатысты жағдайға пікір білдірді

Фото: sportbox

Федерацияға қажеті – оның білімі мен тәжірибесі екенін атап өтті.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовқа қатысты жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін леуметтік желіде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызған еді.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов бас бапкер Станислав Черчесов әдейі тілге қарсы дөрекі әзілдемегенін, бұл тек журналиске бағытталған қалжың болғанын айтты.

"Станислав Саламұлы этика комитетінің шешіміне сәйкес айыппұл төледі. Бұл жағдайға алаңдамаудың еш қажеті жоқ, айыппұл мөлшері шамамен екі мың долларды құрайды. Жалпы жағдайды алсақ, Станислав Саламұлы тарапынан тілге қарсы дөрекі әзіл болған жоқ – бұл тек журналиске бағытталған қалжың еді, бірақ ол шектен шығып кетті. Әр адам бұл жағдайды әрқалай түсінуі мүмкін. Этика комитеті оның сөздерін осылай бағалағанымен, оларда жаман ниет болмаған. Алайда мұндай жайттарға адамдар ерекше назар салып қарайды. Қазір бәрі дұрыс – бұл тұрғыда Черчесов саналы адам, бәрін түсініп отыр", - деді Әділет Барменқұлов.

Сондай-ақ Әділет Барменқұлов ресейлік маман Станислав Черчесовке қазақ тілін білу туралы талап қойылмайтынын алға тартты. Федерацияға қажеті – оның білімі мен тәжірибесі екенін атап өтті.

"Бізге оның қазақ тілін меңгеріп жатқаны керек емес, бізге оның футбол саласындағы білімі керек. Станислав Саламұлы негізгі сөздерді біліп, түсінуі тиіс. Бірақ ол қазақ тілін толық меңгеруі қажет емес, қазақ тілінде оның сөйлеп жүруі де міндетті емес. Тағы қайталап айтамын – бізге оның тек білімі қажет. Қазақ тілін білу туралы талап федерация тарапынан Станислав Черчесовқа қойылмайды. Бұдан былай мұндай жағдай қайталанбайды және ешқандай санкция болмайды. Бұл оқиғаға нүкте қойылды деп есептеймін", - деді Барменқұлов.

Айта кетейік, Станислав Черчесов жетекшілігіндегі Қазақстан құрамасы биылғы Ұлттар лигасы маусымындағы алғашқы ойында Норвегиямен кездесіп, тең түскен болатын (0:0). Ал аталмыш турнирдің 2-турында Словения құрамасына қарсы сырт алаңда өткен ойында Қазақстан құрамасы жеңіліс тапты (0:3).

Турнирдің 3-турында Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Аустриядан ойсырай жеңілді (0:4).