$ 494.87  520.65  4.91

АҚШ-тағы президент сайлауы: Қорытынды қандай?

Қырық жетінші және қырық бесінші президент болып таңдалу мен үшін зор мәртебе.

 

Фото: BaigeNews.kz
Фото: BaigeNews.kz

2024 жылғы 5 қарашада өткен 2024 жылғы АҚШ президент сайлауы ел тарихындағы 60-сайлау болды. Сайлаушылар алқасы АҚШ халқының даусына сүйене отырып, 2024 жылғы желтоқсанда 4 жылдық өкілеттігі 41 күннен кейін басталатын келесі АҚШ президенті мен вице-президентін таңдады. Сайлау күні, оған қоса, Конгрестің екі палатасы да сайланды: Өкілдер палатасы мен Сенаттың үштен бірі. Skifnews.kz ақпарат порталының тілшісі АҚШ-та өткен президент сайлауының қорытындысына толығырақ тоқталмақ. 

Дауыс беру барысы қалай өтті?

Техникалық қиындықтарға, соның ішінде жабдықтың істен шығуына және бюллетеньдердің тапшылығына байланысты кейбір учаскелер жұмыс уақытын ұзартуға мәжбүр болды. Аризона штатында сот тоғыз сайлау учаскесінің жұмысын екі сағатқа ұзартуды бұйырды.

Алдын ала нәтижелер мен экзит-полл бойынша, Дональд Трамп 230 сайлаушы дауысымен көш бастады, ал Камала Харрис 205 дауысқа ие болды. Жеңіске жету үшін кандидат 270 сайлаушының қолдауына ие болуы керек еді.

Бірінші сайлау учаскесі Нью-Гэмпширдегі Дисквилл Нотч қаласында ашылды. Мұнда дауыс беру аяқталып, көп ұзамай қорытынды шығарылды. Мұнда Дональд Трамп пен Камала Харрис тең түсті. 

Дональд Трамп Кентукки мен Индиана штаттарында көш бастап тұрды. Трамп 56 пайыз, Харрис 41 пайыз жинады. Кентуккиде Трамп 64 пайыз, Харрис 34 пайыз дауыс жинады. 

Харрис Род-Айленд, Вермонт, Коннектикут, Массачусетс, Мэриленд, Делавэр, Нью-Джерси, Иллинойс және Нью-Йоркте жеңіске жетті.

Сондай-ақ Трамп бес тұрақсыз штаттың төртеуінде көш бастады:

Солтүстік Каролина. Дауыстардың 70%-ы өңделді, Трамп – 52%, Харрис – 47%;

Мичиган. 18% дауыс, Харрис – 50%, Трамп – 48%;

Джорджия. Дауыстардың 84%-ы өңделді, Трамп – 52%, Харрис – 47%.

Висконсин. 42% дауыс, Трамп – 51%, Харрис – 48%;

Аризона. 40% дауыс, Трамп – 50,1%, Харрис – 49,1%.

Сонымен Харристі қолдап, дауыс берген штаттар: Вермонт, Делавэр, Иллинойс, Колорадо, Коннектикут, Массачусетс, Мэн, Мэриленд, Нью-Джерси, Нью-Йорк, Нью-Мексико, Род-Айленд, Оңтүстік Каролина және Колумбия округі.

Трампты қолдаған штаттар: Айова, Алабама, Арканзас, Вайоминг, Батыс Вирджиния, Индиана, Канзас, Кентукки, Луизиана, Миннесота, Миссисипи, Миссури, Монтана, Огайо, Оклахома, Солтүстік Дакота, Теннесси, Техас, Флорида және Оңтүстік Дакота.

Бюллетеньдерді толық санауға бірнеше апта кетуі мүмкін, бірақ алдын ала нәтижелер әлдеқайда ертерек белгілі болды.

Трамп АҚШ-тың 47-президенті!

АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партия атынан президенттікке үміткер Дональд Трамп 6 қарашада Флоридадағы жақтастары алдында сөйлеген сөзінде сайлауда жеңіске жеткенін жариялады.

Дональд Трамптың сөйлеген сөзін оқиға орнынан Fox Business арнасы YouTube-те көрсетті.

Саясаткер өзінің президенттік бәсекедегі нәтижесін "АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған саяси жеңіс" деп атады. Сонымен қатар ол өзінің ел басқаратын мерзімі АҚШ тарихындағы "шынайы алтын дәуір" болатынына уәде берді.

"Америка халқына алғыс айтқым келеді. Қырық жетінші және қырық бесінші президент болып таңдалу мен үшін зор мәртебе", - деді Трамп америкалықтарға дауыс бергені үшін алғысын білдіріп.

Саясаткер өз сөзінде осы сайлауда 315-тен астам дауысын жеңіп алатынына сенім білдірді және өзін АҚШ-тың 47-ші президенті деп атады. Оның жеке болжамы бойынша, республикашылдар Өкілдер палатасына бақылауды сақтап, сенатта көпшілік орынға ие болады.

Илон Маск неліктен Трампты қолдады?

 

Саясаттанушылар, теоретиктер Масктың тосыннан трампшыл болып кетуін түсіндіретін бірнеше шытырман гипотезаларын ұсынды. Олардың әрқайсысы белгілі бір дәрежеде шындық болса керек.

Біріншіден, Маск Трамптың ксенофобиясына, сексизміне, трансфобиясына және "күйрету саясатына" шын тәнті. Трамп осы сайлау науқанында, митингтерінде аузына келгенін айтып, балағаттады, бейпіл сөйледі. Мысалы, хоккей командасының киіну бөлмесіне кіргенде куә болғанын, қай ойыншының мүшесі қандай екенін әңгімеледі. Ұнаған әйелді көрсе, қолын именбей жұмсап, қымсынбай қырындайтынын айтты. Қарсыластарына мінберден ұятты ым-ишара (жест) көрсетті.

Сахнада Трамппен бірге тұрып, оның әпенді істеріне шек-сілесі қата, мәз болып күлген Маск өз сұхбаттарында қарсыласы – демпартия өкілдері ұстанатын саяси әдеп-этиканы, жұртшылық алдында танытатын тәртіптілікті "екіжүзділік", арсыздық деп бағалады. Сонымен бірге Маск Трампты "Американы құтқаруға қауқарлы жалғыз саясаткер" деп дәріптейтін ақпарат құралдарын демейді.

Екіншіден, Кремний алқабындағы еркін ойлы ғұламалар, айтишілер және басқасы Трампты қолдайды, сүйсіне қарайды. Илон Маск та өзін осы ортаға жатқызады. Дегенмен, өзін солардың ішіндегі "Ұлы Адам" деп таниды, тарихты ұлы адамдар ғана жасайтынына бек сенеді. Ендеше ол өзіне "Трамптың бір жақтаушысының" емес, "қуыршақты басқарушының" рөлін белгілеп қоюы да ғажап емес (әрине, айлакер саясаткер Трамптың бұған жол бере қоюы неғайбыл).

53 жастағы Илон Маск Преторияда, Оңтүстік Африка республикасында туған. Сондықтан АҚШ заңнамасына сәйкес, ешқашан Америка Президенттігіне кандидат болып тіркеле алмайды. Демек, бұл супердержаваны билегісі келсе, "марионетка" іздеуіне тура келеді.

Үшіншіден, Маск та, Трамп та либертариандылықты ұстанады. Ол екеуі де мемлекетті, Президент тағын бірінші кезекте, баршаға билік жүргізудің ұстыны ретінде емес, тек пайда табудың, бизнесін өркендетудің басты орталығы, теңдессіз құралы деп біледі. Яғни, екеуі де билік шыңына экономикалық мүдде-мұрат үшін өрмелеп бара жатыр.

"Дональд Трамп төл лоялистерін жомарттықпен марапаттайды, мол құрмет-қошемет көрсетеді. Сол себепті, тіпті шетелдік лидерлер де оның алдында тізесін бүгеді. Трамп автократ билеушілермен дос болудан тайынбайды, ол үшін басты талап – америкалық демократияны ілгерілету емес. Басты критерий – әрбір мемлекет, оның басшысы мен бизнес-элитасы Трампқа пайдалы болуы керек. Сонда Трамп оларға өзінің курорттарында тынығуды ұсынады. АҚШ-тың басқа президенттері саясат, адамгершілік және халықаралық құқық нормаларына жүгініп, қолдамайтын, тіпті айыптайтын жайттарға Трамп жиіркенбей қарайды", – деді саяси шолушы Александра Аппельберг.

Маскқа осы да ұнайтын болса керек. Ертең Трамп Президент болып сайланса, магнат онымен осы альянсын жеріне жеткізе монетизациялауға тырысады.

Қорыта айтқанда, Масктың көздегені – биліктегі байланыстары арқылы жекелеген жобаларын ілгерілету, сол арқылы байи түсу емес, оның мұраты – әлемдік №1 супердержава саналатын мемлекетті басып алып, оны өзіне қызмет еткізу. Ендеше Америкадай алпауыт өз тарихында бұрын-соңды болмаған алапат сын-тегеурінмен бетпе-бет келіп отыр.

Мен президент болған кезде соғыс болмайды

 

Трамп барлық соғысты тоқтататынын айтты.

«Менің қызметім кезінде соғыс болмайды. Мен соғысты тоқтатамын. Мен осыған дейін президент болған 4 жыл ішінде соғыс болған жоқ. Сонымен қатар, біз ДАИШ-ті жеңдік. Соғыс бастамаймын, мен соғысты тоқтатамын», – деді Трамп.

Трамп заңсыз көші-қонмен күресіп, шекараларды нығайтуды көздеп отыр.

«Біздің ел шұғыл көмекке мұқтаж. Біз шекараларды түзейміз, барлығын реттейміз. Біз тарихымызда көптеген кедергілерден өттік, ешкім мұның мүмкін екеніне сенбеді. Мен уәделерімді орындап, Американы әрбір америкалық үшін қауіпсіз, бай және мықты ел ету үшін тырысамын. Біз барлық жерде, барлық салаларда өзгеріс енгіземіз. Американдықтар қайтадан өз елдерінде бақылау орнататын болады. Елімізде Сауд Арабиясы мен Ресейден гөрі көбірек мұнай бар», – деді АҚШ президенті.

Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? 

Коллаж: Ulysmedia

 

Жаһандық доллар индексінің нығаюы аясында қазақ теңгесі әлсіреді. Ақша айырбастау орындарында америкалық валюта 493-495 теңгеден сатылуда. Сарапшылар жыл соңына дейін мөлшерлеме осы шектерде құбылып, жыл 500-ден төмен бағамен аяқталатынына сенімді.

“Ұлттық қордан түсетін транштар айырбас бағамының қатты әлсіреуіне жол бермейді, бізде тепе-теңдіктің сақталып тұр, 486-дан 495-қа дейін дамып келеді", – деді  қаржы сарапшысы Арман Басембаев.

Дональд Трамп сайлаудағы жеңісінен кейін доллар рекордтық өсім көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары әлемдік нарықта өзгерістер болады. АҚШ мұнай өндіруді ұлғайтып, оның бағасын төмендетеді. Нәтижесінде ОПЕК баға тепе-теңдігін сақтау үшін өзінің өндіріс көлемін қысқартуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда АҚШ мұнай нарығында үстем болмақ.

“Болашақта америкалық валютаның нығаюына мүмкіндік бар, өйткені Америка Құрама Штаттарының Париж келісімінен шығуы мүмкін және бұл АҚШ-та мұнай өндірісінің артуына себеп болады”, – деді R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов. 

Бұл біздің еліміздің экономикасына әсер етуі мүмкін, өйткені Қазақстан кірісінің басым бөлігі мұнай өнімдерін сатуға байланысты. Ал АҚШ-пен қарым-қатынас бұрынғыдай қалады.

“Егер Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аяқталса, біз үшін экономикалық жағынан жақсы болады. Менің ойымша, Америка экономикамызға инвестиция салуды жалғастырады және басқа да ірі компаниялар, тек мұнай ғана емес, сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі де Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашады”, – деді саясаттану магистрі Жандос Сәрсенбеков. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары