$ 523.2  594.3  6.38

«Зардап шегетіндер — қарапайым халық»: Аймағамбетов аударымдарға салық салмауды ұсынды

Кімдер салықтан босатылуы тиіс?

Фото: жеке парақшасынан алынды
Фото: жеке парақшасынан алынды

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кімдер салық төлемеу керегін түсіндірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы

"Неліктен біз дәрі-дәрмекке, емдеу қызметтеріне, кітаптарға және картадан картаға аударымдарға 0% ҚҚС ұсындық? Салық кодексіне қатысты бір топ депутаттардың ұсынған түзетулері туралы жазба жариялаған соң, бірқатар сұрақ келіп түсті. Әсіресе, неге дәрі-дәрмекке, медициналық қызметтерге, кітаптарға және банк аударымдарына ҚҚС салмау керек деген сұрақтар жиі қойылады", - дейді депутат. Ол себебін түсіндірді.

Ол себебін түсіндірді.

1. Дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтері

"Біз ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін көптеген аурулар бойынша дәрі-дәрмек пен емдеуге қазіргі 0% ҚҚС мөлшерлемесін сақтап қалуды ұсынамыз. Мысалы: онкология, диабет, сирек кездесетін немесе аутоиммундық тағы басқа аурулар.

Неге? Себебі салықтың өсуі — бағаның өсуі. Ал дәрі-дәрмектің бағасының өсуі — бірінші кезекте науқастар мен олардың отбасыларына ауыр салмақ. Бұл жай ғана салық мәселесі емес, бұл — адамгершілікке қатысты шешім. Онко-дәрілер мен сирек ауруларға арналған препараттардың бағасы қазірдің өзінде өте жоғары. Егер оларға ҚҚС енгізілсе — бұл бағаның бірден 16%-ға өсуі деген сөз," - дейді мәжілісмен.

2. Отандық кітаптар мен анимация

"Кітапқа ҚҚС салу — отандық авторлар үшін шығарылым құнын арттырады. Ал бұл — оқырман үшін кітаптың бағасының көтерілуіне әкеледі. Қазақ авторлары назардан тыс қалды деп айтып жүрміз — дегенмен, соның өзінде кітапқа салық салып отырмыз. ҚҚС-тан босату — мәдениетке, білімге, ұлттық ойға көрсетілген құрмет. Біз өз авторларымызды, аудармашыларымызды, суретшілерімізді қолдауымыз керек. Сол сияқты анимация да — енді дамып келе жатқан сала. Қазақ тіліндегі сапалы мультфильмдер өте аз. Бұл саланы салықпен емес, нақты қолдаумен көтеруіміз қажет," - деп айтты Аймағамбетов.

3. Қаржылық қызметтер

"Көптеген елде банк қызметтеріне ҚҚС салынбайды — бұл жайдан-жай емес. Бізде де қазіргі таңда бұл қызметтер ҚҚС-тан босатылған. Егер банктік аударымдар мен карточка арқылы төлемдерге ҚҚС енгізілсе, халық күнделікті қолданып жүрген қарапайым қызметтер қымбаттап кетуі мүмкін.

Мысалы, сіз Халық банктегі картаңыздан Kaspi-ге ақша аудардыңыз — 200 теңге комиссия төледіңіз. Егер оған ҚҚС қосылса, тағы 32 теңгеге дейін қосылуы әбден мүмкін. Бұл, әсіресе, жиі аударым жасайтындар үшін ауыр. Зардап шегетіндер — қарапайым халық: студенттер, ата-аналар мен шағын кәсіп иелері,"- дейді депутат Асхат Аймағамбетов.

Дәрі-дәрмекке салынатын салық пен казинодағы ұтысқа салынатын салық бірдей болмауы тиіс.

Сондықтан депутаттар мынадай ұсыныс жасады:

– букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру,

– трансмай қосылған өнімдерге акциз енгізу,

– банктерге салынатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру.

"Яғни, мәселе «бәрін бәрінен босатуда» емес. Мәселе — әділ әрі теңгерімді салық жүйесін қалыптастыруда. Талқылау әлі жалғасуда. Ұсыныстар көп: ҚҚС-қа тіркеу шегіне, салық мөлшерлемелеріне, түрлі салаларға қатысты. Әрине, әркім өзіне тікелей әсер ететін мәселеге назар аударады — бұл туралы да жазып отырамыз. Ең бастысы — осы ұсыныстар жұмыс тобы мен Мәжілісте болашақта қаралып, алдағы уақытта қолдау табады деп үміттенеміз,"- дейді Аймағамбетов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары