Қыз туса – жолын тосып, «Орал» деп қоямын депті.
Динара Сатжан Жеңіс күніне орай атасы жайлы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның жазуынша, Сәтжан Тоқанов 1942 жылы, небәрі 35 жасында Атасу ауылында колхоз төрағасы болып жүрген жерінен майданға аттанған. Артында жары Үмітжан мен үш ұлы – Амангелді, Хамза және Далабай қалған. Сол кезде Үмітжан апасы тағы бір балаға аяғы ауыр болған екен.
«Егер қыз туса, жолын тосып, атын "Орал" қоямын деп шешіпті. Қазақ тілінде "орал" – "қайтып кел" деген үмітті білдіреді. Алайда 1942 жылдың 11 тамызында "Сәтжан Тоқанов қаза тапты" деген қара қағаз келгенде, отбасы қара жамылып, қайғыға батады. Кейін бұл хабардың расталмағаны белгілі болды. Арғы атам ауыр жараланып, біраз уақыт госпитальда жатып, кейін қайтадан майданға оралған. Берлинге дейін жетіп, тек 1945 жылдың тамызында үшінші топ мүгедегі ретінде елге оралған», – деп жазды Сатжан.
Ол өзінің тегінің тікелей осы Сәтжан есімімен байланысты екенін де атап өтті.