Бұл жағдай екі ел арасындағы келіссөздердің созылуына себеп болып отыр.
Қазақстан азаматтары енді Оңтүстік Кореяда 180 күннен артық заңсыз жүрсе, қатаң шараға ұшырайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, жақында ғана Корея билігімен арнайы отырыс өтіп, қазақстандықтарды шетелдік жұмысшыларға арналған EPS жүйесіне қосу мәселесі талқыланған. Қазір біздің үкімет Сеулден ресми жауап күтіп отыр.
Алайда басты түйткіл – Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың көптігі. Бұл жағдай екі ел арасындағы келіссөздердің созылуына себеп болып отыр.
«Бізден Кореяға заңсыз барған, жұмыс істеп жүрген азаматтар бар. Қазір оларды миграциялық ағымдар арқылы бақылап отырмыз. Әрбір кеткен адам назарда. Егер олар 180 күннен артық қалып қойса, санкциялық шаралар қолданылады. Консулдықтар жанында арнайы атташелер бар, олар азаматтарымызбен жұмыс істейді», – деді вице-министр.
Сарапшылардың пікірінше, Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар еңбек визасын рәсімдемей, арзан жұмыс күшіне айналып отыр. Бұл олардың құқығын шектеп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық беделіне де әсер етуі мүмкін.