Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар күні бойы ауыр эмоционалдық және физикалық күш жұмсайды, бірақ айлығы 180 мың теңгеден аспайды.
Бүгін Мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы тым төмен екенін қатаң көтерді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар күні бойы ауыр эмоционалдық және физикалық күш жұмсайды, бірақ айлығы 180 мың теңгеден аспайды.
Депутат арнайы орталықтарды аралап, жүздеген баланы емдеп, оқытып жүрген мамандардың шынайы жағдайын өз көзімен көргенін айтты. Мәселен, Астанадағы «Жан-сая» орталығында 640 бала ем алса, оларға жағдай жасайтын 160 қызметкердің жалақысы мардымсыз болып отыр. Сәрсенғалиев мұндай еңбекті бағаламау саланың кадр тапшылығына әкеп соғып жатқанын ескертті.
Оның сөзінше, 2024 жылы 53 маман жұмыстан кетсе, биылдың алғашқы жартысында тағы 28 қызметкер қызметтен кеткен. Депутат мұндай көрсеткіш елдегі барлық әлеуметтік орталықтарға тән екенін ашық айтты. Ол тіпті кей орталықтарда бір қызметкерге 900 ата-әжені қарау жүктелетінін мысалға келтірді. Депутат Үкіметке әлеуметтік сала мамандарының айлығын шұғыл көтеруді ұсынды. Оның пікірінше, еңбегі ауыр мамандарды сақтап қалу – мемлекет үшін кешіктіруге болмайтын маңызды міндет.