2025 жыл – Қазақстанның саяси күнтізбесінде «қатардағы» жыл болып қалмайтын кезең.
2025 жыл – Қазақстанның саяси күнтізбесінде «қатардағы» жыл болып қалмайтын кезең. Әлемдік жүйе шайқалып тұрған шақта мемлекетке сыртта салмақ, ішінде сергектік қажет болды. Бірі халықаралық келіссөз үстелінде ел мүддесін бәсеңдетпей жеткізу, екіншісі қоғамның ішкі сұранысын салқынқандылықпен тыңдап, нақты шешімге айналдыру. Осы екі бағыттың ортасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылдық жұмысы қалыптасты. Биылғы жылды қорытындылай отырып, бір нәрсе анық байқалды: Ақорда сыртқы саясатта көпвекторлы тепе-теңдікті сақтай отырып, «пайда әкелетін» серіктестікті күшейтуді көздеді; ал ішкі саясатта мемлекеттік басқаруды, цифрлық өзгерісті, еңбек нарығын және қауіпсіздік мәселелерін бір арнаға тоғыстырған күн тәртібі алға шықты. Ең көп талқыланған тақырыптар - атом электр станциясы, су қауіпсіздігі мен Арал, сондай-ақ «жасанды зерде дәуіріндегі» жаңа мемлекеттік жоспарлар болды. Sn.kz ақпарат порталы Президент бастамалары мен 2025 жылғы елдегі болған өзгерістерге шолу жасады.
Сыртқы саясат: көпвекторлы бағыттың жаңа салмағы
2025 жылы халықаралық қатынастарда «көнгеніне көн, көнбегеніңді көндір» дейтін қатқыл реңк күшейді. Осындай кезде Қазақстанның ұстанымы: үлкен державалардың біріне «жабысып» қалмай, әрқайсымен өзара тиімді, бірақ тәуелділік тудырмайтын байланыс орнату. Тоқаевтың ресми сапарлары мен халықаралық кездесулері осы логиканы айқын көрсетті.
Жылдың ең ірі сыртқы оқиғаларының бірі: Тоқаевтың АҚШ-қа сапары
2025 жылғы сыртқы саясаттағы ең салмақты белестің бірі - Вашингтонда өткен «Орталық Азия - АҚШ» саммиті. Бұл формат көптен бар, бірақ дәл осы жолы оның саяси салмағы сезілді: өңірдің геосаяси орны, көлік дәліздері, маңызды шикізат, энергетика, қауіпсіздік - бәрі бір үстелде талқыланды. Ақорда жариялаған ресми ақпарат бойынша, саммит аясында Қазақстан Президенті ағымдағы сапар кезінде АҚШ компанияларымен 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылғанын айтты. Осы деректің өзі-ақ сапардың «тек суретке түсу» емес, экономикалық нәтижеге бағытталғанын көрсетеді. Тағы бір маңызды деталь: желтоқсанның соңында АҚШ Президенті Тоқаевпен телефон арқылы сөйлескені, 2026 жылы АҚШ-та өтетін G20 саммитіне Қазақстанға шақыру жайы жарияланды. Бұл -Вашингтонның өңірге қызығушылығы «бір күндік жиынмен» шектелмейтінін аңғартатын белгі. Бұл сапардың үш мағынасы бар:
1.Қазақстан өңірдің ішіндегі «бір мемлекет» емес, жеке салмақты ойыншы ретінде көрінді;
2.АҚШ бағыты көпвекторлы саясаттың бір тірегіне айналып, келіссөздегі маневр кеңейді;
3.Экономикалық мазмұн күшейді: технология, инвестиция, өндірістік әріптестік тақырыптары алға шықты.
Қытаймен байланыс: Астана–Бейжің желісі және жаңа келісімдер
Қытай бағыты 2025 жылы да Қазақстан дипломатиясының ең ірі арналарын бірі болып қала берді. Маусымда Reuters агенттігі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Тоқаевпен Астанада кездесіп, сауда, инвестиция, технология, туризм, кеден ісі секілді бағыттар бойынша құжаттар алмасқанын хабарлады. Сондай-ақ шекарааралық теміржол жобалары, порт инфрақұрылымын жаңғырту, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл туралы да айтылды. Бұл тұста Қазақстан үшін негізгі мақсат - көршімен қарым-қатынасты «көлеңкеге кіріп кетпей», өз есебін түгендеп жүргізу. Қытаймен экономикалық байланыс - мүмкіндік, ал шамадан тыс тәуелділік - тәуекел. 2025 жылы Ақорда дәл осы тепе-теңдікті ұстауға тырысты.
Астана халықаралық форумы және «Орталық Азия – Италия» саммиті: Еуропамен жаңа көпір
Көктемнің соңында Астанада өткен Astana International Forum 2025 - халықаралық күн тәртібіндегі Қазақстанның «диалог алаңы» ретіндегі рөлін күшейткен жиын. Форумның ресми материалдарында оның 29–30 мамырда өтіп, пленарлық отырысты Президент Тоқаев ашатыны көрсетілген. Форумның мазмұны халықаралық ұйымдар, қауіпсіздік, тұрақты даму, технология тақырыптарын тоғыстырды - бұл Қазақстанның «орта державалық» амбициясының нақты көрінісі. Осы күндері Астанада тағы бір маңызды оқиға болды: премьер-министр Джорджа Мелонидің ресми сапары және алғашқы “Орталық Азия – Италия” саммиті. Саммиттен кейінгі бірлескен декларация Ақорда сайтында жарияланды. Бұл - Қазақстанның Еуропамен байланысын «жалпы сөзден» шығарып, көпжақты форматқа көшіру ниетін аңғартты. Мелонимен кездесудің өзі де Астананың ЕО-мен жұмысын әртараптандырып, энергетика, көлік дәлізі, инвестиция секілді салаларды нақтылауға бағытталғанын көрсетті.
БҰҰ Бас хатшысы Гутерриштің Алматыға келуі: өңірлік орталықтың ашылуы
Жазда Тоқаевтың халықаралық күнтізбесіндегі ерекше эпизод - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Қазақстанға келуі. 3 тамызда Тоқаев пен Гутерриш Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия және Ауғанстан үшін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығына қатысты келісімдер аясындағы іс-шараларға қатысқаны ресми хабарланды. Бұл оқиға «саяси символикамен» шектелмейді: Қазақстанның өңірлік тұрақтылық пен даму мәселелеріне араласуын институционалдық деңгейге шығарады. Яғни, Қазақстан өзін тек ұлттық мүдде аясында емес, өңірлік жауапкершілік ұстанымымен де танытуға ұмтылды.
Қырғызстанға ресми сапар: шекаралас серіктеспен іскерлік үйлесім
Тамызда Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапар жасады. Бұл сапардың күн тәртібі - сауда, көлік, су-энергетика байланыстары, бірлескен жобалар. Бірлескен мәлімдеме туралы жарияланған материалдарда Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы өткені, ынтымақтастықтың бірнеше бағыты талқыланғаны көрсетілді. Өңірлік саясаттың дәл осы бөлігі көбіне халық көзіне көріне бермейді, бірақ шекаралас елдермен қатынас - ішкі тұрақтылықтың да бір тетігі. Сауда жүрсе - нарық тыныстайды, жол ашылса - кәсіпкердің ісі жүреді, су-энергетика келіссе ауыл шаруашылығының тамырына қан жүреді.
Желтоқсан: Жапонияға ресми сапар және технологиялық бағдар
Жылдың соңында Тоқаевтың Жапонияға алғашқы ресми сапары өтті. Ақорда материалдарында Император Нарухитомен кездесу болғаны, сондай-ақ «Орталық Азия – Жапония» байланысы аясындағы бизнес форумға қатысқаны жазылған. Бұл сапардың мәні айқын: Қазақстан үшін технология, өндірістік әртараптандыру, жоғары қосылған құн - күн тәртібінің өзегі. Жапония бағыты - дәл осы мақсатқа жақын арна.
Мемлекеттік басқару саласындағы негізгі өзгерістер
Елде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағытында бірқатар маңызды бастамалар іске асырылуда. Бір палаталы парламент құру және осы мәселеге байланысты референдум өткізу ұсынысы көтерілді. Мемлекеттік қызметке қабылдау толық автоматтандырылып, e-Qyzmet жүйесі арқылы ашықтық күшейтілді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап енгізілген 1,3 түзету коэффициенті нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы шамамен 30 пайызға өсті, ал кейбір өңірлерде жергілікті бюджет есебінен қосымша үстемелер белгіленді.
2025 жылы кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру толық аяқталды. Жоғары академиялық көрсеткішке ие және мемлекеттік грантпен білім алған түлектер ауылдық және аудандық деңгейдегі кейбір төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылдана алады. Соның нәтижесінде 732 жас маман жергілікті мемлекеттік қызметке орналасты.
1 қыркүйек 2025 жылдан бастап саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдардың жаңартылған тізілімі қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар классикалық мансаптық модель мен позициялық жүйені біріктіретін мемлекеттік қызметтің жаңа гибридтік моделі енгізілуде.
Мемлекеттік қызмет сапасына халықтың қанағаттану деңгейі 91,4 пайызға жетті. Электронды форматтағы қызметтердің үлесі кейбір салаларда 90 пайыздан асты. 2025 жылғы шілдеден бастап өңір әкімдерін бағалаудың арнайы тиімділік индикаторлары енгізілді. Сондай-ақ тестілеу және іріктеу процестері толығымен автоматтандырылып, адам факторы барынша азайтылды.
Ішкі саясат: Ұлттық құрылтай қоғамның тамырын ұстау
Сыртқы сапар қанша маңызды болса да, саясаттың салмағын халық күн сайын сезінеді. 2025 жылғы ішкі күн тәртібінде Ұлттық құрылтайдың орны бөлек. Ақордада жарияланған мәтінге сүйенсек, Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында елді жаңғырту, реформалардың қисыны, басқару жүйесі мен қоғамның сұранысы туралы кең сөйледі. Құрылтайдың бір ерекшелігі - бұл жер тек «мақтау айтатын» алаң емес, елдің жүйкесін ұстайтын орта. Дәл осындай алаңда әлеуметтік мәселені ашық айту да, аймақтың жайын қозғау да, мәдениет пен тілдің жүгін таразылау да мүмкін. 2025 жылы Ақорданың қоғамдық диалогты осы арнада жалғастыруға тырысқаны байқалды.
Сыртқы саясат және табысты келісімдер
Қытаймен 2026–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Орталық Азия бойынша 2025–2027 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Президент Тоқаев БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында сөз сөйледі, АҚШ-қа ресми сапар жасады. Қазақстан 40,7 млрд доллардан астам инвестиция тартты. Негізгі инвесторлар – Нидерланд, АҚШ, Қытай, БАӘ, Швейцария.«Жасанды зерде дәуіріндегі Қазақстан»: цифрлық өзгеріс пен жаңа міндеттер
2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент халыққа Жолдау жариялады. Ақордада жарияланған мәтіннің атауының өзі-ақ бағытты көрсетеді: «Жасанды зерде дәуіріндегі Қазақстан: өзекті сын-қатерлер және оларды цифрлық өзгеріс арқылы шешу». Бұл Жолдау «тек технологияға таңдану» емес. Мұнда мемлекеттің негізгі ұстанымы бар: экономика мен басқаруды ауқымды цифрландырмайынша, өнімділік өспейді; өнімділік өспесе, халық тұрмысы ілгерілемейді. Осы Жолдаудың негізгі ойларының бірі ретінде мемлекеттік органдар жасанды зерде мен цифрлық өзгеріс бойынша институционалдық қадамдарды жеделдету керегін атап өтті, соның ішінде жаңа басқару құрылымдары туралы ақпарат ресми ресурстарда кеңінен таратылды. Ал қазан айында өткен Digital Bridge 2025 форумындағы Тоқаевтың сөзі технологияға қатысты «адам өлшемін» еске салды: жасанды зерде ақылды еліктете алады, бірақ адам сезімін алмастырмайды; технология әділетке қызмет етуі керек.
2025 жылы ішкі саясатта цифрлық трансформация ерекше орын алды. Президент халыққа Жолдауында жасанды зерде дәуіріне аяқ басқанын ашық айтты. Бірақ бұл технологияны мадақтау үшін емес, басқаруды жеңілдету үшін қажет екенін ескертті. Мемлекеттік басқаруда дерекке сүйенген шешім қабылдау, цифрлық қызметтердің сапасын арттыру - осы бағыттағы басты міндеттер ретінде белгіленді. Президенттің ұстанымы бір: технология азаматқа кедергі емес, көмек болуы тиіс.
Қазақстанда цифрландыру қарқыны артып келеді. eGov арқылы проактивті қызмет көрсету ауқымы кеңейіп, виртуалды көмекшілер енгізілуде. Елдің ұлттық суперкомпьютері іске қосылып, Alem.cloud әлемдік TOP500 рейтингінде 86-орынға ие болды. Higgsfield AI стартапы Қазақстан тарихындағы алғашқы «единорог» атанып, «Жылдың үздік AI шешімі» марапатын алды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, ИИ-ды 2029 жылға дейін дамыту стратегиясы бекітілді. Цифрлық мемлекеттік қызметтер бойынша Қазақстан әлемдегі үздік он елдің қатарына енді. Жасанды интеллектті реттейтін жаңа заң қабылданды, AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды.
2025 жылдың соңына дейін тағы 328 ауыл интернетпен қамтамасыз етіледі. Digital Bridge 2025 форумы рекордтық деңгейде өтті. Сонымен қатар Telegram компаниясының өңірлік кеңсесі Қазақстанда ашылатыны белгілі болды.
БҰҰ мінберіндегі үн: су мен климат - қауіпсіздікке айналған тақырып
Қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінде Президент Қазақстанның Арал теңізі қасіретінен сабақ алғанын, Солтүстік Аралды сақтаудағы қадамдарды атап өтті және су қауіпсіздігі мен климат өзгерісінің өңірлік салдарын күн тәртібіне шығарды. Бұл - дипломатиялық мәлімдеме ғана емес: су тақырыбы енді экология шеңберінен шығып, азық-түлік, көші-қон, әлеуметтік тұрақтылық мәселелеріне тірелетінін әлем мойындай бастады. Сол себепті Қазақстанның «су - қауіпсіздік» деген көзқарасы биыл халықаралық аудиторияға әлдеқайда нақты жеткізілді.
Су ресурстарын басқару саласындағы негізгі нәтижелер мен жоспарлар
Тоқаев 2025 жылы су тақырыбын жүйелі көтерді. БҰҰ мінберінде Арал тағдырына тоқталды; өңірлік кездесулерде су қауіпсіздігі туралы айтты; халықаралық алаңдарда құрғап бара жатқан теңіздер мен көлдер мәселесіне назар аудартуға тырысты. Арал жайы - Қазақстан үшін тек өткен тарих емес. Бұл - бүгінгі денсаулық, ауылдың күнкөрісі, жердің тұздануы, климаттың қатқылдануы. Сондықтан Аралды сақтау туралы сөз - бір өңірдің емес, бір мемлекеттің мүддесі. Мемлекеттік органдардың халықаралық алаңдарда Каспий мен Арал мәселесін бірге көтеруі де тегін емес: экожүйелердің құрғауы жаһандық үрдіске айналып барады, ал Орталық Азия тәжірибесі басқа аймақтарға да сабақ болуы мүмкін деген ұстаным айтылды.
Су ресурстарын қалпына келтіру және тиімді пайдалану бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Солтүстік Аралды қайта жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аясында су деңгейі 42 пайызға көтеріліп, балық аулау жылына 8 мың тоннаға дейін артты. Каспий теңізінің экожүйесін қорғау бойынша мемлекетаралық бағдарлама әзірленді, сондай-ақ БҰҰ аясында халықаралық су ұйымын құру бастамасы ұсынылды.
Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су тарту жөнінде келісім жасалды. 2025 жылы су шаруашылығы саласында 800-ден астам маман кәсіби қайта даярлаудан өтті. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр.
Алдағы жылдары су инфрақұрылымын жаңарту және тиімділікті арттыру мақсатында жалпы құны 173,7 млрд теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылмақ.
Каспий мәселесі: табиғаттың дауысы саясатқа жеткен жыл
Президент Тоқаев Каспийдің тайыздануы қайтымсыз сипат алуы мүмкін екенін айтып, оның экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық және тіпті саяси салдары бар екенін ескертті. Сондай-ақ Каспий экожүйесін сақтауға бағытталған мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу бастамасын атады. Бұл жерде мәселе теңіздің деңгейімен ғана өлшенбейді. Каспий порт, логистика, балық, өндіріс, жағалау тіршілігі. Демек, Каспийдің жағдайы нашарласа, ертең халықтың табысы да, өңірдің тынысы да өзгереді. 2025 - осы «табиғат дауысы» мемлекеттік деңгейге анық шыққан жыл болды.
Өңірлер: орталыққа қарап отырмайтын кезең
2025 жылы өңірлік саясатта бұрыннан айтылып келе жатқан бір ой нақты іске айнала бастады. Ол - аймақ тек тапсырма орындайтын құрылым емес, шешім қабылдай алатын, жауап беретін деңгей болуы тиіс деген ұстаным. Президент бұл мәселені бір емес, бірнеше жиында ашық айтты. Өңірдің дамуы орталықтағы қаулыға емес, жергілікті биліктің қабілетіне байланысты екенін жасырған жоқ. Осыдан барып аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі кеңейе түсті. Бұл қадам демократиялық рәсім ретінде емес, басқару сапасын арттыру құралы ретінде қаралды. Сайлау арқылы келген әкім енді жоғарыға ғана емес, төменге - халыққа есеп береді. Жол салынбаса, су тартылмаса, мектеп пен аурухананың жайы түзелмесе, жауап беретін де сол әкім. 2025 жыл бұл тетіктің қағаз жүзіндегі тәжірибе емес, нақты сынақ алаңына айналғанын көрсетті. Президенттің өңірлерге жұмыс сапарлары да осы бағытта өзгерді. Баяндамадан гөрі нақты нысан, құрғақ есептен гөрі көзбен көрген жағдай алдыңғы орынға шықты. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға барған сапарларында Тоқаев «жауапты кім?» деген сұрақты ашық қойды. Бұл — орталықтың өңірден сырт айналмайтынын, бірақ бәрін өзі де істемейтінін білдіретін белгі.
Экономика: бұрынғы үлгінің шегі көрінген жыл
2025 жыл экономика үшін де жеңіл болған жоқ. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, инфляциялық қысым, шикізатқа тәуелділік елдің экономикалық құрылымын қайта қарауға мәжбүр етті. Президент бұл мәселені айналып өтпеді. Керісінше, «сан қуған өсім» емес, сапалы даму қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
Нәтижелерге тоқталсақ, елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2018 жылғы 179 млрд доллардан 2025 жылы 288 млрд долларға дейін өсті, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты.
Ең төменгі жалақы 2021 жылғы 42,5 мың теңгеден 2025 жылы 85 мың теңгеге дейін көтерілді және оны әрі қарай ұлғайту жоспарланып отыр. Дәл Президент Тоқаевтың тұсында ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру басталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,4%-ға артты. Бұл – соңғы 11 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл өсімге көлік және қоймалау логистикасы (20,3%), құрылыс (14,7%) және сауда (8,8%) айтарлықтай үлес қосты.
Машина жасау (11,6%), автомобиль жасау (15,2%), химия өнеркәсібі (8,1%) және құрылыс материалдары өндірісі (7,1%) салаларында өсім байқалды.
Қазақстанда жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жаңа кәсіпорын іске қосылды. Соның нәтижесінде 20,1 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта елде 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 66-сы – ірі, 105-і – орта, 3 998-і – шағын кәсіпорындар.
Жұмысшы мамандықтар: ұмыт қалған еңбекке оралу
Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы кездейсоқ шешім емес. Елде жоғары білім алған жастар көп болғанымен, өндірісте, құрылыс пен инфрақұрылымда маман тапшылығы анық сезілді. Бұл - нарықтың емес, мемлекеттің ұзақ жылдық қателігінің салдары. Осы бастама аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қайта қарау, колледждерді нақты өндіріс орындарымен байланыстыру міндеті қойылды. Дуальді оқыту, кәсіпорын базасында кадр даярлау - қағаздағы ұран емес, нақты қажеттілікке айналды. Президент бір сөзінде: «Экономика қолмен істейтін мамансыз алға баспайды» деді. Бұл - 2025 жылғы экономикалық саясаттың ең дәл сипаттамасы.
2025 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеп, соңғы жиырма жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті. Ел бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 9,3 миллион адамды құрайды: олардың 7,1 миллионы – жалдамалы жұмысшылар, 2,2 миллионы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Ресми жұмыспен қамтылғандардың саны 96,3 мың адамға артты. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жүздеген мың азамат жұмысқа орналасты. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 3–3,1 пайыз деңгейінде сақталуда.
2025 жылдың екінші жартысында елдегі медианалық жалақы 12 пайызға өсіп, 308 088 теңгеге жетті.
Өңірлік өндіріс: теңсіздікті азайту талпынысы
Экономикалық саясатта өңірлер арасындағы алшақтық та жасырылмады. Бір облыс өндіріс пен инвестицияға тұнып тұрса, екінші өңірде жұмыссыздық пен инфрақұрылым тапшылығы сақталды. Президент Үкіметке инвестиция тартуда тек ірі қалаларға емес, аймақтық өндіріс ошақтарына назар аударуды тапсырды. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібіне бағытталған бірқатар жобалар іске қосылды. Бұл - шикізатты сыртқа жөнелтумен шектелмей, ел ішінде қосылған құн қалыптастыруға жасалған қадам.
Әлеуметтік саясат: әділет ұғымы нақты мазмұнға ие болды
2025 жылы әлеуметтік саясатта ең жиі айтылған сөз - әділет. Бірақ бұл жолы ол жай ұран емес, нақты шешімдермен бекітіле бастады.
Атаулы көмек: бәріне бірдей емес
Президент әлеуметтік қолдаудың бұрынғы тәсілі өзін ақтамағанын ашық айтты. «Бәріне бірдей» үлестірілген көмек нақты мұқтаж адамға жетпей, масылдықты көбейтетінін билік те мойындай бастады. Сондықтан 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмекке басымдық берілді. Көпбалалы отбасылар, табысы төмен азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолдау сақталды. Бірақ негізгі талап - еңбекке ынта.
Денсаулық пен білім: сан емес, сапа
Халықтың медицина мен білімге деген талабы артты. Ауылдағы аурухана, мектептегі жүктеме, кадр тапшылығы - осының бәрі 2025 жылы ашық талқыланды. Президент бұл салаларда «есеп үшін салынған нысан» емес, нақты нәтиже керегін айтты. Бұл бағытта түбегейлі реформа бір жылда аяқталды деу қиын. Бірақ ең маңыздысы - мәселені жасыру емес, мойындау басталды.
Елде медициналық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Биыл 195 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны ашылды, 32 аудандық аурухана жаңғыртылды, сондай-ақ 20 ірі көпсалалы медициналық орталық салынды. Соңғы алты жылда барлығы 955 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді, олардың 645-і алғашқы медициналық көмек ұйымдары болып табылады.
2025 жылы жалпы өлім-жітім көрсеткіші 4,2 пайызға азайды. Денсаулық сақтау индексі бойынша Қазақстан әлемде 59-орынға көтерілді. Салада 275 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде, оның ішінде 83 мыңнан аса дәрігер бар.
Білім беру саласындағы негізгі нәтижелер
Елде білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Биыл 102 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Соңғы алты жыл ішінде бір миллионнан астам оқушы орнына арналған 1200 мектеп салынды. Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен 64 жалпы білім беретін мектеп тұрғызылып, іске қосылды.
Соңғы бес жылда білім гранттарының саны 1,4 есеге артты. Стипендиялар кезең-кезеңімен ұлғайтылды: 1 қыркүйектен бастап бакалавриатқа – 52 372 теңге, магистратураға – 117 098 теңге, докторантураға – 262 500 теңге тағайындалды. Нәтижесінде бакалавр стипендиясы 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, магистратура мен докторантура стипендиясы 1,75 есе өсті.
Биыл 10 439 орынға арналған 29 студенттік жатақхана салынды. Алты жылда жалпы саны 256 жатақхана пайдалануға берілді. 2024 жылы 11 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылса, 2025 жылы тағы 10 жетекші университет филиалы іске қосылды. Сондай-ақ Астанада МГИМО филиалына арналған жеке ғимарат салынбақ.
Шетелдік студенттер саны 30 мыңға жетті.
Құқықтық тәртіп: қоғамның сабыры таусылған тұс
2025 жылы қоғамда заң мен тәртіпке деген сұраныс күшейді. Алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жастар арасындағы құқықбұзушылық - бұлар жай статистика емес, халықтың күнделікті мазасын алған проблемалар. Президент бұл мәселеде «Заң мен тәртіп» қағидасын қайта-қайта алға тартты. Бұл қағида жазалаумен шектелмейді. Ол - әділ сот, бірдей талап, жауапкершілік деген сөз. Әсіресе әйелдер мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңнамалық өзгерістер қоғам тарапынан қолдау тапты. Мемлекет бұл жерде бақылаушы емес, тікелей жауапты тарап екенін көрсетті.
Елде құқықтық тәртіпті нығайту бағытында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Соңғы алты жылда қылмыс деңгейі 52 пайызға төмендеді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаның күшеюі мемлекет ұстанып отырған «Заң және тәртіп» қағидатының нақты көрінісі болды.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап өңіраралық кассациялық соттар жұмысын бастады. Биылғы жылы қылмыс саны 2024 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға азайды. «Цифрлық қадағалау» ақпараттық жүйесі аясында деректер базалары біріктіріліп, іздеу және пробациялық бақылау тиімділігі артты.
Азаптау фактілері бір жыл ішінде 67 пайызға қысқарды. Онлайн-есірткі платформаларына байланысты 88 мың шот бұғатталды. Сонымен қатар Бас прокуратура жанынан қауіп-қатерлерді алдын ала болжау орталығы құрылды.
Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі көрсеткіштер
Ауыл шаруашылығы секторында қатарынан екінші жыл астықтың рекордтық өнімі тіркеліп, шамамен 27 млн тонна жиналды. Сонымен қатар 1 млн тонна бұршақ дақылдары, 4,3 млн тонна майлы дақылдар, 4 млн тонна арпа, 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша өнімдері өндірілді.
Қазақстан агроөнімдерінің экспорты 5,1 млрд долларға жетіп, оның 50 пайыздан астамын өңделген өнім құрады. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саласының жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі 2025 жылы 6,1 пайызды құрады.
Спорт саласындағы негізгі көрсеткіштер мен өзгерістер
Ел тұрғындарының 41,4 пайызы жүйелі түрде спортпен шұғылданады, 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Саланы дамытуға жыл сайын 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.
Мемлекеттік бюджет есебінен шетелдік спортшыларды қолдау тоқтатылды. Сондай-ақ футбол клубтары үшін жылдық қаржыландыру лимиті 2 млрд теңге болып бекітілді. Елде спорт түрлерінің жаңартылған тізімі енгізілді, ал жақын уақытта спорт саласын цифрландыруды күшейтетін E-Sport платформасы іске қосылады.
Футбол клубтарын жекешелендіру процесі жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2025 жылы Геннадий Головкин Дүниежүзілік бокс федерациясының президенті болып сайланды.