19.01.2026, 11:20

«Үтік басып, пешке күйдірген»: Шымкентте 30 жастағы ана балаларын аяусыз қорлаған

Фото: secretmag.ru

Құзырлы органдар күдіктіні ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр.

Шымкентте 30 жастағы әйел өз балаларын ұрып-соғып, ауыр жарақаттағаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сілтеме жасап.

Almaty.tv мәліметінше, келіншек өзінің сегіз және он жастағы ұл мен қызын аяусыз ұрып-соғып, денелеріне қызып тұрған үтік басқан. Онымен қоймай, пешке де күйдірген. Оқиғаның мән-жайын туыстары байқап, тиісті органдарға хабарлаған.

«Қыздың шашын алған, баланың шашын ортасынан арқаға қарай алған. Екі жанында шашы тұр. Баланың аузына шаныштқыны қыздырып басқан. Балалар өзіне келіп сөйлеп жатыр. Білмеймін, айуандық. Менің жүрегім ауырып жатыр. Баласын шеше осылай қорламайды. Олардың тірі қалғанына таңқалып отырмыз», – дейді балалардың туысы.

Туған балаларына зорлық көрсеткен әйелдің тағы кәмелетке толмаған екі баласы бар. Жақындарының айтуынша, отбасы ішіндегі қиындықтар жолдасы шетелге жұмысқа кеткеннен кейін ушыға түскен. Сол уақыттан бастап үйдегі ахуал күрделеніп, қайғылы жағдайларға ұласқан.

Туған шешесінен қорлық көрген екі бала қазір әжесінің жанында, ауруханада ем алып жатыр. Ал 3 және 1 жастағы бүлдіршіндер уақытша «Сәбилер үйіне» орналастырылған. Туыстары төрт баланы аналарына қайтармай, өз қамқорлығына алуды көздеп отыр.

Қазіргі таңда бұл іс Шымкент қалалық полиция департаментінің ерекше бақылауында. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына қарай сот күдіктіге қатысты нақты құқықтық баға беретін болады. Бұл процесс Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің қадағалауында. Құзырлы органдар күдіктіні ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарастырып жатыр.