Сарапшының айтуынша, бұл жиын қоғам күткен нақты шешімдер жарияланатын алаңға айналуы тиіс.
Саясаттанушы Қазбек Майгельдиновтің пікірінше, 10 ақпанға жоспарланған Үкіметтің кеңейтілген отырысы - формалды есеппен шектелмейтін, елдегі нақты ахуалға саяси баға берілетін стратегиялық жиын болмақ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
«Бұл жолғы отырыстың мәні бөлек. Жылдың басында өтіп отырғандықтан, 2025 жылдың қорытындысы жан-жақты сараланып, 2026 жылға қойылған міндеттердің орындалу бағыты нақтыланады. Бірақ мәселе құр есепте емес. Негізгі акцент - нәтиже мен жауапкершілікте. Мемлекет басшысы әр саланың нақты көрсеткішіне қарап, Үкімет жұмысының тиімділігіне саяси баға береді», - дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бүгінде елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал күрделене түскен. Сондықтан отырыста ең алдымен экономиканың нақты жай-күйі талқылануы ықтимал.
«Экономикалық блок бойынша қордаланған мәселе аз емес. Инфляцияның тұрақсыздығы халық табысына тікелей әсер етіп отыр. Баға өсімі тежелмей тұр. Инвестиция тарту қарқыны да күткен деңгейде емес. Өндірістік тиімділік, еңбек өнімділігі, өңдеуші сектордың үлесі - осының бәрі Үкімет жұмысының сапасын айқындайтын негізгі индикаторлар», - дейді Майгельдинов.
Сарапшының пікірінше, Ұлттық банк пен Үкімет арасындағы үйлесімділік те басты назарда болады.
«Ақша-несие саясаты мен фискалдық саясаттың өзара қабысуы әлсіз болса, инфляцияны тұрақтандыру қиын. Сондықтан отырыста макроэкономикалық тұрақтылыққа қатысты нақты тапсырмалар берілуі мүмкін», - деді ол.
Әлеуметтік саладағы түйткілдер де кеңінен қозғалады.
«Халықтың күнделікті тұрмысын айқындайтын негізгі факторлар - тұрғын үйдің қолжетімділігі, коммуналдық тарифтер, азық-түлік бағасы, медициналық қызмет сапасы. Әсіресе аймақтардағы әлеуметтік теңсіздік, инфрақұрылымның тозуы, дәрігер тапшылығы секілді мәселелер өткір тұр. Президент дәл осы бағыттар бойынша Үкімет пен әкімдердің жұмысына жеке-жеке тоқталуы ықтимал», - дейді саясаттанушы.
Оның сөзінше, өңір әкімдерінің есебі де саяси тұрғыдан маңызды.
«Аймақтардағы экономикалық өсім, жұмыс орындарының ашылуы, инвестиция тарту, әлеуметтік нысандар құрылысы - мұның бәрі әкімдердің жеке жауапкершілігіне жатады. Сондықтан кеңейтілген отырыс тек орталық Үкіметке емес, өңір басшыларына да сын сағаты болмақ», - деді ол.
Майгельдинов қазіргі кезеңде саяси реформалардың да салмағы артып отырғанын атап өтті.
«Елде ауқымды саяси трансформация жүріп жатыр. Конституциялық реформалардың жалғасы, басқару жүйесін жаңғырту, өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламент жұмысының жаңа форматына көшу секілді үдерістердің алдында атқарушы биліктің тиімділігі күшеюі тиіс. Өйткені кез келген саяси реформаның табысы - халықтың әлеуметтік жағдайымен өлшенеді», - дейді сарапшы.
Осыған байланысты ол кадрлық шешімдер ықтималдығын да жоққа шығармайды.
«Егер көрсеткіштер күткен деңгейден төмен болса, кадрлық қорытындылар жасалуы мүмкін. Бұл – қалыпты саяси тәжірибе. Президент үшін басты өлшем – нәтиже. Сондықтан кейбір министрлер мен әкімдерге қатысты шешімдер қабылдануы ғажап емес», – деді Майгельдинов.
Саясаттанушының пайымынша, алдағы кезең Үкімет үшін шешуші болмақ.
«2026 жыл – экономиканы әртараптандыру, инвестиция ағынын күшейту, әлеуметтік міндеттемелерді орындау тұрғысынан бетбұрыс кезең. Сондықтан кеңейтілген отырыс Үкіметтің алдағы жұмыс ырғағын айқындап беретін саяси бағдар іспетті», – деп түйіндеді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл жиын қоғам күткен нақты шешімдер жарияланатын алаңға айналуы тиіс.