10.02.2026, 13:50

Энергетикадағы ескі саясат әшкереленді: Тоқаев бұрынғы министрлерді ашық сынға алды

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қазақстан ішкі сұранысты толық өтей алмай отырғанын атап өтті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы қордаланған мәселелерді қатаң сынға алды. Президенттің айтуынша, елдегі электр қуатының тапшылығы экономикалық өсімге ғана емес, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға да тікелей кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Мемлекет басшысы Қазақстан ішкі сұранысты толық өтей алмай отырғанын атап өтті. Былтыр еліміз 3,7 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын сырттан импорттауға мәжбүр болған. Бұл – отандық энергожүйенің әлсіздігін көрсететін негізгі индикаторлардың бірі. Президент электр станциялары мен желілердің тозуы жағдайды ушықтырып отырғанын айтты. Соңғы үш жылда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы салаға 1 триллион теңгеден астам қаржы құйылған. Алайда оның 900 миллиард теңгеден астамы жөндеу жұмыстарына жұмсалып, жаңа қуат көздерін іске қосуға небәрі 140 миллиард теңге ғана бөлінген. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, мұндай қаржылық құрылым ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды. Ол бұрынғы Энергетика министрлігі басшыларының жұмысын сынға алып, олардың назарын негізінен мұнай секторына аударып, электр энергетикасын екінші кезекке ысырып қойғанын айтты. Қазіргі таңда Қазақстанда жылына шамамен 123 миллиард киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Президент бұл көлем ел қажеттілігі үшін жеткіліксіз екенін жеткізді. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13,3 гигаватт жаңа қуат көздерін іске қосуды жоспарлап отыр. Оның 5,9 гигаваты жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болмақ. Сондай-ақ келесі жылы электр энергиясына деген сұранысты толық жабу, тіпті 1,3 миллиард киловатт-сағат артық өндіру жоспары бар. Бірақ Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштерге жету үшін барлық жобалар мерзімінде орындалып, қаржыландыру толық қамтамасыз етілуі тиіс екенін ескертті. Президент ірі энергетикалық жобалардың үнемі кешіктірілетінін де сынға алды. Мәселен, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын жаңғырту мерзімі бірнеше рет шегерілген. Жұмыс әлі күнге дейін аяқталмаған. Мемлекет басшысы саладағы кадр мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, энергетика сияқты стратегиялық бағытпен кәсіби мамандар емес, үстірт білімі бар адамдар айналысып кеткен. Президент Үкіметке жоспарланған барлық қуат көздерін уақытылы іске қосуды қатаң тапсырды.