Мемлекет басшысы елді құқықтық әрі саяси тұрғыда терең жаңғырту үдерісі жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында жаңа парламент сайлауы келесі сессия басталғанға дейін өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің айтуынша, ел алдында ауқымды міндеттер тұр және мемлекеттегі кешенді жаңғыру үдерісі енді ғана қарқын ала бастаған.
«Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол бүгін қол қойылған Жарлық Ата заң нормаларын іске асырудың негізгі бағыттары мен нақты тетіктерін айқындайтынын атап өтті.
«Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн», – деді президент.
Мемлекет басшысы елді құқықтық әрі саяси тұрғыда терең жаңғырту үдерісі жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.
«Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр. Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады», – деді мемлекет басшысы.