28.06.2026, 09:17

Яна Легкодимованың өлімі бойынша сотталғандар «Қара бүркіт» түрмесіне жеткізілді

Фото: vesti.kz

Соңғы уақытта қос сотталғанның нақты қай түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанына қатысты әртүрлі ақпарат тараған болатын.

Атыраудағы Яна Легкодимованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына сотталған Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов жазасын өтеу үшін Қостанай облысындағы №39 «Қара бүркіт» түзеу мекемесіне жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасап «Ақ Жайық» басылымы хабарлады.

Соңғы уақытта қос сотталғанның нақты қай түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанына қатысты әртүрлі ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, олардың шынымен де «Қара бүркіт» түрмесінде отырғанын нақтылауды сұрады.

Қордың мәліметінше, бұған дейін Хайржанов пен Катимовтың Қостанайдағы №76 мекемеде болуы мүмкін деген ақпарат жарияланған. Алайда бұл мәлімет ҚАЖК-нің жәбірленуші тарапқа жолдаған, сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталғандардың белгіленген тәртіппен жазасын өтеп жатқаны туралы ресми жауабымен сәйкес келмеген.

«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, осы аптада Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған №39 «Қара бүркіт» түзеу мекемесіне этаппен жеткізілген.

Еске салсақ, Атырау тұрғыны Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс тоғыз ай бойы тергелген. Оның сегіз айы марқұмның мәйітін іздеуге жұмсалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов Яна Легкодимованы алдап көлікке отырғызып, тұншықтырып өлтірген. Кейін оның денесін Жайық өзеніне тастаған.

Марқұмның денесі табылғаннан кейін қызының мәйіті салынған қапты құшақтап отырған анасының видеосы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.

Сот барысында қылмыс алдын ала WhatsApp мессенджері арқылы жоспарланғаны анықталды. Айыпталушылар хат алмасу кезінде кісі өлтірудің «бағасын» талқылап, Яна Легкодимованың өмірін 500 мың теңгеге бағалаған. Олар бұл соманы гаражды жөндеу құнымен, капсулалы кофеқайнатқыштың немесе автокөлікке арналған қосалқы бөлшектердің бағасымен салыстырған.

2025 жылдың қараша айында сот Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовты төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Ал 2026 жылдың ақпанында апелляциялық сот Алтынбек Катимовтың жазаны жеңілдету туралы шағымын қарағанымен, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.