$ 473.59  544.68  5.94

Трамп Иранмен келіссөздердің жаңа кезеңі басталатынын мәлімдеді

Бұл туралы ол Air Force One ұшағында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты. 

Фото:  Kommersant
Фото: Kommersant

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздердің кезекті кезеңі 3 тамыз, дүйсенбі күні басталатынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ол Air Force One ұшағында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты.

"Қазіргі уақытта біз олармен келіссөздер форматында диалог жүргізіп жатырмыз. Бұл келіссөздер дүйсенбі күні түстен кейін басталады", – деді Трамп.

Ақ үй басшысы кездесуге кімдердің қатысатынын және оның нақты қай жерде өтетінін ашып айтпады. Сондай-ақ ол келісімге қол жеткізу үшін нақты мерзім белгілеуді жоспарламайтынын жеткізді.

Трамптың сөзінше, Вашингтон дипломатиялық жолмен шешім табуға мүмкіндік беру үшін Иранға жаңа соққы жасаудан уақытша бас тартқан.

"Бұл көптеген адамның өмірін сақтап қалады", – деп атап өтті АҚШ президенті.

Сонымен қатар Трамп ықтимал келісім Ормуз бұғазының қауіпсіздігі мен Иранның ядролық бағдарламасына да әсер ететінін айтты.

"Мен келісім жасасқанды жөн көремін. Маған адамдарды өлтіру ұнамайды", – деді ол.

Соған қарамастан, Трамп АҚШ қажет болған жағдайда Иранға кез келген уақытта қайтадан әскери соққы жасай алатынын ескертті.

Бұған дейін Ақ үй басшысы АҚШ пен Израильдің Иранға жоспарланған шабуылды Ислам Республикасы мен Таяу Шығыс елдерінің өтініші бойынша кейінге қалдырғанын мәлімдеген болатын.

Трамптың айтуынша, Вашингтон Тегеранға қарсы «Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған деңгейде әскери қорқыту және күш қолдану арқылы» әрекет етуге дайындалған. Алайда «бүкіл әлемнің болашақ игілігі үшін» және «Иран келісімінің параметрлері келісілгендіктен» шабуылды кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған.

Айта кетейік, Трамп бұған дейін де Таяу Шығыс елдері басшыларының өтінішінен кейін Иранға қатысты әскери операцияларды бірнеше мәрте кейінге шегерген. 2026 жылдың маусымында Вашингтон мен Тегеран 60 күнге созылған қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерді бастауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Алайда арада көп уақыт өтпей АҚШ Иранға соққыларды қайта жалғастырып, Тегеранды атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады.

Соңғы әскери операциялардың бірі 30 шілдеде жүзеге асқан. АҚШ күштері Ирандағы Ислам революциялық гвардиясы корпусының ондаған нысанына, оның ішінде басқару орталықтары мен зымыран және дрон ұшыру алаңдарына соққы жасаған.

Өз кезегінде Иран америкалық шабуылдарға жауап ретінде Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери базаларын нысанаға алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0