Соңғы жылдары өнімді өңдеу Қазақстанның аграрлық саясатының негізгі бағыттарының біріне айналды, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет АӨК өнімдері экспортындағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазірдің өзінде бұл көрсеткіш 50%-дан асады: 2026 жылдың алғашқы төрт айында өңделген агроазық-түлік өнімдерінің экспорты $3,6 млрд-қа жетті. Саланы дамыту логикасы да өзгерді. Енді басымдық өнім көлемін арттырудан оның құнын өсіруге ауысып отыр: маңыздысы – шикізатты өндіріп қана қоймай, оны өңдеу арқылы көбірек табыс табу. Ел Үкіметінің мәліметінше, 2025 жылы осы салада жалпы құны $230 млн-нан асатын 53 инвестициялық жоба іске қосылды.
Қазақстанда қазірдің өзінде жалпы қуаты 510 мың тоннадан асатын астық өңдейтін үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олар крахмал, биоэтанол және глютен өндіреді. 2029 жылға дейін олардың қатарына жалпы құны $4 млрд болатын тағы алты ірі инвестициялық жоба кезең-кезеңімен қосылады. Атап айтқанда, Астана қаласында Tiryaki Agro компаниясының крахмал, глютен және глюкоза-фруктоза шәрбатын өндіретін кәсіпорын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның құны $320 млн доллар деп бағаланады. Тағы бір мысал – жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге қауқарлы Fufeng Group Company Limited компаниясының жұмыс істеп тұрған зауыты. Инвестиция көлемі $1,5 млрд құрайды. Сонымен қатар елімізде құны тиісінше $650 млн және $1,5 млрд болатын Dalian Hesheng Holdings Group Co., Ltd. және Hopefull Grain & Oil Group компанияларының инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Олар бидай өңдеуге маманданады.
Бұл мысалдар ірі компаниялардың Қазақстанға қомақты инвестиция салып, елдің өңірлік аграрлық хабқа айналуына үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, азық-түлік өндірісінің көлемі $7,5 млрд-қа жетіп, бір жылда 8%-ға өсті. Басымдықтарға сәйкес, Қазақстанның экспорттық моделі де өзгеріп келеді. Бұған дейінгі тізбек қарапайым түрде «өнім – жеткізу» сипатында болса, қазір оның арасына өнімді өңдеу, дайын өнім шығару, қаптама, маркетинг және логистика сияқты жаңа бағыттар қосылуда.