26.08.2026, 14:15

Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясын 28 тамызға белгіледі

Фото: Ақорда

Алғашқы сессия 28 тамызда өтеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде билік жүйесі мен қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысы бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп, кеше оның ресми нәтижелері жарияланғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл Қазақстан үшін аса маңызды саяси науқан болып, жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Президент сайлау үдерісін ұйымдастыруда Орталық сайлау комиссиясының рөлін ерекше атап, науқан барысында жасанды интеллект технологиялары мен заманауи шешімдер қолданылғанын айтты. Бұл тәсілдер сайлау сапасын арттыруға мүмкіндік берген.

Сонымен қатар сайлауға шетелдік байқаушылардың да қызығушылығы жоғары болғанын жеткізді. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындап, оның ұлттық заңнама мен белгіленген талаптарға сай өткенін атап өткен.

«Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым», – деді Президент.

Алғашқы сессия 28 тамызда өтеді. Оған дейін Құрылтайға өткен саяси партиялар депутаттар тізімін әзірлеуі тиіс.