Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында елдегі саяси өзгерістер мен Құрылтай сайлауының қорытындысына тоқталды.
Президент депутаттарды бірінші сессияның ашылуымен құттықтап, Қазақстанның даму жолындағы аса маңызды кезең басталғанын айтты.
"Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде жұмысына кірісті. Осылайша, мемлекеттің саяси жүйесін жаңарту үдерісінің жаңа кезеңі басталды.
Президент төл тарихымызда Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл институт билік жүйесін түбегейлі жаңғыртып, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Сондай-ақ ұлттық заңнаманың сапасын арттырып, еліміздің құқықтық негізін нығайтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді қолдайтынын Құрылтай сайлауы айқын көрсеткенін айтты.
"Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті", – деді Президент.
Мемлекет басшысы осы арқылы ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған "Әралуан пікір – біртұтас ұлт" қағидаты нақты жүзеге асқанын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Құрылтай сайлауына шетелдік азаматтардың қызығушылығы жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
"Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы депутаттарға қоғам тарапынан қойылатын талаптың әрдайым жоғары болатынын ескертті.
"Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, Құрылтай құрамына білікті мамандардың келуі – соның айқын дәлелі.
"Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер мен ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарына тарихи миссия жүктеліп отырғанын айтып, олардың аса абыройлы міндетті лайықты атқаратынына сенім білдірді.