28.08.2026, 11:10

Тоқаев Үкіметке байланысты Жарлыққа қол қойды

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

"Қазақстан Республикасы Конституциясының 69-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Құрылтайы алдында өз өкілеттігін доғаруына байланысты қаулы етемін: Қазақстан Республикасының Үкіметі жаңа құрам бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқара берсін", – делінген Жарлықта.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанда Құрылтай сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтті. Сол күні бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың сайлануына зор үміт артатынын және оның Қазақстанның дамуына тың серпін беретініне сенетінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет құрамында өзгерістер болатынын мәлімдеді.

25 тамызда Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысын жариялады. Бес пайыздық межеден бес партия өтті: "Әділет" – 71,17%, "Ауыл" – 6,26%, Respublica – 5,56%, "Ақ жол" – 5,21% және ЖСДП – 5,11%. Ал Қазақстан халық партиясы – 3,11%, "Байтақ" партиясы 1,07% дауыс жинап, қажетті межеге жете алмады. Сайлаушылардың 2,51%-ы "Барлығына қарсымын" нұсқасын таңдады.

26 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев "Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясын шақыру туралы" Жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясы 28 тамызда сағат 11:00-де Астанада өтеді.

26 тамыз күні кешке төрт партия – "Ауыл", "Ақ жол", ЖСДП және Respublica жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдағы депутаттық мандаттарға ие болған кандидаттардың тізімдерін жариялады.

27 тамызда таңертең "Әділет" партиясынан Құрылтай құрамына кімдер кіретіні белгілі болды.

Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысында Қазақстан Республикасы Құрылтайының 145 депутаты тіркелді. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров оларға куәліктер мен төсбелгілерді табыстады. 

Тегтер: Ақорда Үкімет