28.08.2026, 11:15

Тоқаев Құрылтай депутаттарына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтты

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясында жаңа заң шығарушы орган депутаттарына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Президенттің сөзінше, депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуге тиіс.

"Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, жаңа өрлеу кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Оның айтуынша, биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиға болды.

Мемлекет басшысы елде жалпыұлттық референдум арқылы конституциялық реформа сәтті жүзеге асырылғанын айтты.

«Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық», – деді Президент.

Тоқаев жаңа Конституцияның күшіне енуін Қазақстан тарихындағы маңызды кезең деп бағалады. Оның айтуынша, бұл елдің одан әрі дамуына мүмкіндік беретін берік құқықтық негіз қалыптастырды.

«Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады. Сондай-ақ азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тегтер: Ақорда Үкімет