$ 462.31  536.09  5.34

Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтайтады

"Өмірдің әр кезеңі бір күні аяқталады". 

Фото: liter.kz
Фото: liter.kz

Әлемге әйгілі футболшы Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдады. 39 жастағы спортшы бұл туралы 31 тамызда Instagram парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Месси ұлттық құрама сапындағы 20 жылдық кезеңіне нүкте қою туралы шешімге ұзақ уақыт ойланғаннан кейін келгенін айтты.

«Ұзақ ойланғаннан кейін ұлттық құрамадағы мансабымды аяқтайтынымды айтқым келеді. Бұл мен үшін өте ауыр шешім. Бірақ дәл қазір кететін уақыт келгенін түсіндім. Мен осы жейде үшін әрдайым барымды салдым. Тек соңғы жылдары жеңістерге жеткенде ғана емес, оған дейін де бар күшімді жұмсадым. Футбол арқылы сіздерге қуаныш сыйлап, аргентиналық екендеріңізді мақтан тұтқым келді», – деп жазды футболшы.

Месси үшін ұлттық құрамадағы мансабының аяқталуы оңай болмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, енді Аргентина сапында ойнауға лайық жас әрі талантты футболшыларға мүмкіндік беретін уақыт келді.

«Уақыт өтіп жатыр. Өмірдің әр кезеңі бір күні аяқталады. Бұл тарауды жабу мен үшін ауыр. Ұлттық құраманың бір бөлігі болғанымды жақсы көрдім және оны әрдайым жақсы көретін боламын. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Енді менің орныма құраманың намысын қорғауға лайық талантты жас ойыншылар келеді. Осы 20 жыл бойы көрсеткен махаббаттарыңыз үшін рақмет», – деді ол.

Футболшы сонымен қатар отбасы мүшелеріне, бапкерлеріне, командаластарына және ұлттық құрамада бірге еңбек еткен мамандарға алғыс білдірді. Месси Аргентина сапындағы жолын мақтанышпен әрі көңілі тыныш күйде аяқтап отырғанын атап өтті.

«Енді мен де сіздердің қатарларыңызда болып, құраманы жанкүйер ретінде қолдаймын. Ұмытылмас естеліктер мен ерекше сәттерді өзіммен бірге алып кетемін. Сіздермен бірге ертегідей сәттерді бастан өткергеніме мақтанамын. Осының бәрін бірге өткеру керемет болды. Мен сіздерді жақсы көремін! Мені аргентиналық етіп жаратқаны үшін Құдайға рақмет. Алға, Аргентина!» – деп жазды Месси.

Ол жазбасының соңында қоштасу мәтінін 21 шілдеде, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазғанын атап өтті.

Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасымен 2022 жылы әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2021 және 2024 жылдары Америка кубогын, 2022 жылы Финалиссиманы жеңіп алған. Сондай-ақ 2008 жылы Аргентина құрамасымен Олимпиада чемпионы болды.

Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында Месси бастаған Аргентина құрамасы екінші рет қатарынан финалға дейін жетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0