$ 455.4  526.99  5.25

Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды

Ол бұл қызметте Шыңғыс Әріновті алмастырды.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Мұханов Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі болып тағайындалды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол бұл қызметте Шыңғыс Әріновті алмастырды.

«Мұрат Сейтмолдаұлы Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалсын», – делінген Президент жарлығында.

Мұрат Мұханов 1985 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтын және Санкт-Петербург мемлекеттік өртке қарсы қызмет университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде бастаған. Кейін департаментте түрлі басшылық қызметтер атқарды.

2017–2020 жылдары Маңғыстау облысы ТЖД бастығының орынбасары, 2020–2023 жылдары департамент бастығы болды. 2023–2024 жылдары ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2024 жылдың сәуірінен осы уақытқа дейін Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.

Ал Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрі қызметіне 2024 жылғы 6 ақпанда тағайындалған еді. Ол министрлікті шамамен 2 жыл 7 ай басқарды.

Бұған дейін Президент Нұрлыбек Нәлібаевты Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Жаслан Мәдиевті Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі қызметіне қайта тағайындады. Серік Жұманғарин Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметінде қалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0