26.09.2026, 09:30

«Кешіріңіздер, қорғай алмадық»: Қорғаныс министрі қаза тапқан сарбаздар отбасыларының алдында тізерлеп отырды (ВИДЕО)

Фото; Қорғаныс министрлігі

Олардың әскери борышына деген адалдығы ұмытылмайды.

Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу кезінде оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына барды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Министр қаза болған сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, орны толмас қазаға байланысты олардың қайғысына ортақ екенін жеткізді. Кездесулер ауыр әрі қаралы көңіл-күйде өтті.

«Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес – біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы – барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз», – деді Қорғаныс министрі.

Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, ал Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған.

Ведомство мәліметінше, әскери қызмет барысында олар өздерін жауапты әрі тәртіпті сарбаздар ретінде көрсетіп, Отан алдындағы борышын адал атқарған.

Дәурен Қосанов қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына Қорғаныс министрлігі тарапынан қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін айтты. Ведомство өкілдері отбасылармен тұрақты байланыста болып, туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесетінін жеткізді.

Қаза болған әскери қызметшілердің есімдері туған-туыстарының, жақындарының және қаруластарының жүрегінде мәңгі сақталмақ. Олардың әскери борышына деген адалдығы ұмытылмайды.