$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

Маңғыстаудағы төтенше жағдайдан кейін мемлекеттің жүйелі әрекеті жағдайды өзгертті – сарапшы

Саясаттанушы әрі сарапшы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, осы кезеңде мемлекеттік коммуникацияның сипаты да өзгерген.

Фото: әлеуметтік желі
Фото: әлеуметтік желі

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқиғаның алғашқы күндерінде негізгі назар қаза тапқандардың санына, іздеу жұмыстарына және әскерилердің жағдайына аударылса, кейін қоғамдық талқылау оқиғаның себептері мен жауапты тұлғаларға қарай ойысты, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Саясаттанушы әрі сарапшы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, осы кезеңде мемлекеттік коммуникацияның сипаты да өзгерген.

Сарапшының айтуынша, қайғылы оқиғаның алғашқы үш күнінде, яғни 24–26 қыркүйекте қоғамда ең алдымен белгісіздік басым болды.

«Қоғамды толғандырған негізгі сұрақтар: қанша адам қаза тапты, кім табылды, оқиға орнында не болып жатыр, әскери қызметшілер қайда, құтқарушылар мен мемлекет не істеп жатыр?» – дейді Ғазиз Әбішев.

Оның пікірінше, алғашқы кезеңде әскери ведомство тарапынан коммуникация жеткілікті деңгейде жолға қойылмады. Соның салдарынан әлеуметтік желілерде ақпараттың жетіспеушілігі мен түрлі болжамдар көбейді.

Алайда сарапшының бағалауынша, 26 қыркүйектен бастап қоғамдық күн тәртібі өзгере бастаған.

«Қоғам "не болды?" деген сұрақтан "неге бұлай болды?", "кім жауап береді?", "бұдан әрі не істеледі?" деген сұрақтарға ауыса бастады», – деп атап өтті ол.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, 27 қыркүйек мемлекеттік күн тәртібінде маңызды бетбұрыс болған күнге айналды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кеңес өткізіп, жаңа министрді таныстырды. Мемлекет басшысы армиядағы жүйелі мәселелерге тоқталып, он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Сарапшы бұл шешімдердің ақпараттық тұрғыдан да маңызды болғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға баға беріп қана қоймай, оны армиядағы жүйелі кемшіліктермен байланыстырды», – дейді Әбішев.

Оның сөзінше, Президент қойған міндеттер қорғаныс шығындарының тиімділігі, кадрларды іріктеу, басқару жүйесін жаңғырту, цифрландыру, кәсіби даярлық және әскери қызметшілердің қауіпсіздігі сияқты бірнеше бағытты қамтиды.

Президент сондай-ақ әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қажетті жабдықтармен, соның ішінде теңіздегі құтқару кеудешелерімен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін айтқан.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, осыдан кейін мемлекеттік коммуникацияда жаңа мазмұн қалыптасты.

«Қайғылы оқиға болды – мемлекет жүйелі қорытынды жасады – Президент армияны реформалау туралы шешім қабылдады» деген логика қалыптасты», – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, биліктің күн тәртібі енді тек оқиғаның салдарын жоюмен шектелмей, оның себептері мен жүйелік мәселелерін талқылауға ауысты.

«Мемлекет тек жедел емес, жүйелі шаралар қабылдап жатқаны түсіндірілді», – дейді Әбішев.

Сарапшының бағалауынша, бұл кезеңде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, тергеу жүргізу, кадрлық шешімдер қабылдау және армияны реформалау мәселелері бір ақпараттық желіге біріктірілді.

Каспийдегі оқиғаға қатысты тергеу де жалғасып жатыр. Бұған дейін Қорғаныс министрлігі өкілдері ұсталғаны хабарланған. Reuters мәліметінше, бес әскери ведомство қызметкері қамауға алынған, олардың арасында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары да бар.

Сонымен бірге 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, мұндай шешімдер қоғамдық пікірдегі басты сұрақтардың бірі – «бұдан әрі не болады?» деген мәселеге жауап қалыптастыруға мүмкіндік берді.

«Қазір билік 24–25 қыркүйектегідей қорғаныс позициясында емес, 27 қыркүйекте Президент қабылдаған шешімдерден кейін ақпараттық бастамаға ие болды», – деп санайды сарапшы.

Оның пікірінше, әлеуметтік желілерде талқылау әлі де жалғасып жатыр. Әсіресе Threads платформасында оқиғаға қатысты пікірлер мен мемлекеттік органдардың әрекетіне берілген бағалар көп.

«Әрине, Threads-та әлі де жергілікті пікірталастар жүріп жатыр. Бірақ мұнда да бастапқы эмоционалдық күйзелістен мемлекеттік органдардың және жекелеген қоғам алдындағы тұлғалардың әрекеттерін бағалауға көшу байқалады», – дейді Әбішев.

Сарапшы қоғамдық талқылаудың енді қайғылы оқиғаның өзінен бөлек, жекелеген қоғам белсенділері мен танымал тұлғалардың әрекетіне де ауысқанын атап өтті.

Оның айтуынша, мысалы, боксшы Жанқош Тұраровтың жаңа Қорғаныс министрін құттықтаған жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, қазіргі кезеңдегі басты мәселе – ақпараттық бастаманы сақтау емес, қабылданған шешімдердің нақты орындалуын көрсету.

«Ақордаға ендігі міндет – бұл бастаманы сақтап, оны армия реформасының нақты нәтижелері туралы тұрақты қоғамдық түсінікке айналдыру», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, ендігі кезеңде мемлекеттік органдар Президент тапсырмаларының орындалуы туралы қоғамға тұрақты әрі ашық ақпарат беруге тиіс.

«Мемлекеттік органдар Президент тапсырмаларының орындалуы бойынша жұмысты қоғамға ашық көрсетіп, өз міндеттерін кәсіби деңгейде атқаруы тиіс», – деп атап өтті Әбішев.

Президент тапсырмасына сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі аппараты мен Қорғаныс министрлігі он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуі керек. Құжатта нақты кезеңдер мен шаралар көрсетіліп, оны қазан айының екінші жартысында Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қарау жоспарланған.

Осылайша, сарапшының бағалауынша, Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейінгі ақпараттық күн тәртібі бірнеше кезеңнен өтті: алғашқыда қоғам нақты ақпарат пен жедел әрекетті күтсе, кейін оқиғаның себептері, жауапкершілік және армиядағы жүйелі өзгерістер мәселесі алдыңғы орынға шықты.

Ендігі нәтиже қабылданған шешімдердің қалай жүзеге асатынына байланысты болмақ. Әбішевтің пікірінше, қоғам үшін реформаның нақты нәтижесі, әскери қызметшілердің қауіпсіздігі және мемлекеттік органдардың тапсырмаларды орындау барысы маңызды болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0