Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Президент Дүниежүзілік банктің бағалауынша, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық жүзеге асырылса, 2040 жылға қарай Каспий арқылы жүк тасымалы төрт есе ұлғаятынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
– Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауға болады деп ойлаймын. Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президенттің пікірінше, су проблематикасы – Орталық Азия тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі.
– Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді. Құжат жобасы тараптардың қарауына ұсынылды. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы өте өзекті. Оны халықаралық, атап айтқанда, Орталық Азияның ортақ ұстанымы ретінде бірге ілгерілету су ресурстарын басқарудың жаһандық жүйесіне қосқан үлесіміз болмақ, – деді Президент.