13.10.2026, 12:50

Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды (ВИДЕО)

Фото: Ақорда

Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.  

Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады.

Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады. Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты. Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды.

Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. 

Тегтер: Ақорда