07.11.2026, 12:50

Президент: «Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр»

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.  

– Елдеріміздің үкіметтері уағдаластықтарды толығымен жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Қабылданған шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бизнес деңгейіндегі байланыстар жанданды. Бизнес-форум, арнайы сауда миссияларының қорытындысы бойынша қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар жоспарлы түрде іске асырылуда. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да дәйекті түрде кеңеюде.  

– Мәдениет күндері алма-кезек өткізіліп, көрнекті тұлғалардың ескерткіштері ашылды. Душанбеде Абай бюсті, Астанада Ибн Сина ескерткіші бой көтерді. Білім беру мен жастар саясаты салаларындағы ықпалдастық жоғары деңгейде. Жастар, ғалымдар мен зиялылар форумдары жиі өткізіледі. Сондықтан өзара ынтымақтастықта қол жеткізген нәтижелер үшін мақтануға да, қуануға да толық негіз бар. Бүгін өте маңызды іс-шараға – Астана қаласында Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысамыз. Бұл бір ғимараттан ғана тұрмайды, оны кешен деуге болады. Мұның бәрі таңғалдырады әрі Тәжікстанның елімізде тұрақты түрде өкілдігі болатынын айғақтайды. Әлбетте, бұдан бауырластық байланыстарымыздың бірегей сипатын көреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тегтер: Ақорда