$ 447.14 € 499.54 ₽ 5.46

Әйелінің көзіне шөп салған: Nvidia басшысы тыңшылық дауына ілікті

Фото: Reuters
Фото: Reuters

АҚШ-тың ірі чип өндірушісі Nvidia компаниясы бас директоры Дженсен Хуанның Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін әйелмен жақын қарым-қатынаста болғаны туралы ақпараттан кейін тәуелсіз тергеу бастады. Ал Хуан жұбайының көзіне шөп салғанын мойындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Nvidia директорлар кеңесі 8 қарашада арнайы мәлімдеме жасап, компания басшысына қатысты шетелдік барлау қызметінің ықтимал әрекеттері тексерілетінін хабарлады. Компанияның мәліметінше, әзірге АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнгенін немесе Nvidia-ның құпия ақпараты сыртқа тарағанын көрсететін негіз жоқ. Дегенмен жағдайды жан-жақты анықтау үшін тәуелсіз тергеу жүргізіледі.

Директорлар кеңесі АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін бірінші орынға қояды. Бұл Nvidia мен оның акционерлерінің мүддесі үшін аса маңызды. Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келді немесе компанияның құпия ақпараты тарады деуге негіз жоқ. Соған қарамастан барлық қолда бар ақпарат тексеріледі, – делінген мәлімдемеде.

Тергеуді тәуелсіз директорлардан құралған комитет сыртқы заңгерлердің қатысуымен жүргізеді. Компания Дженсен Хуанға сенім білдіретінін және оның бас директор қызметін жалғастыратынын мәлімдеді.

The New York Times басылымының жазуынша, Дженсен Хуан Элис Хуан есімді әйелмен жақын қарым-қатынаста болған. Ол Сингапурда орналасқан Megaspeed компаниясымен байланысты. Аталған компания деректерді өңдеу орталықтарын басқарады және Nvidia чиптерін сатып алады.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, АҚШ барлау қызметтері Элис Хуанның әрекеттерін бір жылдан астам уақыт бақылаған. Тергеу барысында оның Қытай үкіметінің тапсырмасымен жұмыс істеуі мүмкін екені анықталған.

Financial Times басылымы да АҚШ барлау қауымдастығы Элис Хуанды Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі өз қызметіне тартқан деп есептейтінін жазды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, америкалық барлау қызметкерлері Элис Хуан мен Nvidia басшысының хат алмасқанын анықтап, олардың қарым-қатынасы іскерлік байланыстан асып кеткен деген қорытындыға келген. Алайда әйелдің Қытайға нақты қандай мәлімет бергені, оның қаншалықты құнды болғаны және ақпарат жинауды қашан бастағаны әзірге белгісіз.

Элис Хуан The New York Times басылымының түсініктеме беру туралы өтінішіне жауап бермеген.

Ал Қытай тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды негізсіз болжам және елдің беделіне нұқсан келтіру әрекеті деп атады.

Бұған дейін Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Дженсен Хуан Megaspeed өкілімен байланысы тек іскерлік сипатта болғанын айтқан.

Біздің қарым-қатынасымыз бен байланыстарымыз Megaspeed компаниясына қатысты болды. Оның бәрі қалыпты іскерлік қатынас еді, ешқандай оғаш нәрсе болған жоқ, – деген ол.

Алайда кейін Nvidia басшысы қызметкерлеріне жолдаған хатында жұбайына опасыздық жасағанын мойындады.

Мен жұбайымның көзіне шөп салдым. Бұл әрекетім әйелім мен балаларымның көңіліне қаяу түсірді. Ісімді ештеңемен ақтай алмаймын. Шын жүректен кешірім сұраймын, – дейді Дженсен Хуан.

Ол болған жағдай үшін барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын жеткізді. Сонымен қатар компания басшысы тәуелсіз тергеуді қолдайтынын және тексеру барысында толық ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.

Мен елімді де, компаниямды да жақсы көремін. Nvidia-ны қорғауға және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуға дайынмын, – дейді ол.

Айта кетейік, Дженсен Хуан опасыздық жасағанын мойындағанымен, өз мәлімдемесінде қарым-қатынаста болған әйелдің есімін атамаған.

The New York Times мәліметінше, АҚШ барлау қызметтері Элис Хуанға қатысты ақпаратты шамамен бір жыл бұрын Президент Дональд Трампқа жеткізген. Журналистер мемлекет басшысынан осы мәліметке байланысты қандай да бір шара қолдануы керек пе еді деп сұраған.

Жоқ, олай ойламаймын. Меніңше, ол лайықты адам, – деп жауап берді Трамп.

Бұған қоса, АҚШ Конгресінің үш мүшесі Nvidia басшысына хат жолдап, шетелдік барлау әрекеттерінің алдын алуға бағытталған қауіпсіздік шаралары жөнінде түсініктеме беруді сұраған.

Nvidia – әлемдегі ең ірі технологиялық компаниялардың бірі. Оның графикалық процессорлары жасанды интеллект жүйелерін дамытуға және ауқымды деректерді өңдеуге кеңінен қолданылады. Дженсен Хуан компанияны 30 жылдан астам уақыт басқарып келеді. Ол Nvidia-ның алғашқы жылдардағы қаржылық қиындықтарды еңсеруіне және жасанды интеллект нарығындағы жетекші орынға шығуына елеулі үлес қосты.

Бастапқыда компанияның чиптері негізінен компьютерлік ойындарға арналған еді. Кейін Хуан жасанды интеллект технологияларының болашағына басымдық беріп, осы бағыттағы өндірісті дамытты. Ал Қытай үшін Nvidia өнімдері жасанды интеллект саласында АҚШ-пен бәсекелесу тұрғысынан ерекше маңызды. Бұған дейін Вашингтон озық америкалық чиптердің Қытайға экспортталуына шектеулер енгізген. Атап айтқанда, Nvidia компаниясының H200 процессорларын жеткізуге тыйым салынған болатын.

Алайда 2026 жылғы қаңтарда Дональд Трамп әкімшілігі белгілі бір талаптарды орындау шартымен H200 чиптерін Қытайға экспорттауға рұқсат берді. Осы жағдайға байланысты Nvidia басшысының шетелдік барлау қызметінің нысанасына айналуы мүмкін екені туралы ақпарат АҚШ-та ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырылып отыр. Әзірге Дженсен Хуанның құпия ақпаратты Қытайға бергенін немесе саналы түрде шетелдік барлау қызметіне көмектескенін растайтын дерек жарияланған жоқ. Түпкілікті қорытынды тәуелсіз тергеудің нәтижесінде белгілі болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0