$ 444.3 € 490.91 ₽ 5.41

Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді

Жалпы рейтинг 13 бағытты қамтиды.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен танымал әнші Димаш Құдайберген 2027 жылғы әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Жаңа рейтингті Иордания астанасы Амман қаласында орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы жариялаған. The Muslim 500 тізімінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Саясат» санатына қосылса, Димаш Құдайберген «Өнер және мәдениет» бағыты бойынша аталған.

Рейтингті жасаушылар алғашқы 50 адамның орнын нақты белгілеген. Ал қалған қатысушыларды қызмет салаларына қарай топтастырған. Тізімге діни қайраткерлермен қатар саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар және мәдениет өкілдері де енген.

Биылғы рейтингте бірінші орынды бес тұлға бөліскен. Олардың қатарында Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдулазиз, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, Пәкістан фельдмаршалы Асим Мунир және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бар.

Сондай-ақ Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи мен Иордания королі Абдалла II де рейтингтің алғашқы бестігіне кірген.

Орталық Азия мемлекеттері арасында ең жоғары нәтижені Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев көрсеткен. Ол 40-орынға жайғасып, алғаш рет үздік 50 адамның қатарына қосылды.

Бұдан бөлек, тізімнен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты және танымал спортшы Хабиб Нұрмағомедовті де көруге болады. Соңғысына арнайы құрмет белгісі берілген.

Әлемдегі ең ықпалды мұсылмандардың тізімі 2009 жылдан бері жыл сайын жарияланып келеді. Рейтингке тұлғаларды енгізу кезінде олардың мұсылман қауымының өміріне, қоғамдық үдерістерге, саясат пен мәдениетке ықпал ету мүмкіндігі ескеріледі.

Жалпы рейтинг 13 бағытты қамтиды. Олардың ішінде саясат, дін, бизнес, қайырымдылық, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары, өнер және спорт салалары бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0