16.11.2026, 11:00

Жақындарын танымай қалған қазақстандық стюардесса: СІМ мәлімдеме жасады

Фото: .instagram.com/investmentbusinessfamily

Ол Непалдан Кувейтке бағыт алған рейстен кейін өзін жайсыз сезінген. 

Кувейтте белгісіз дертке шалдығып, ауруханаға түскен 25 жастағы қазақстандық бортсерікке еліміздің дипломаттары консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар науқастың туыстарымен және оны емдеп жатқан дәрігерлермен тұрақты байланыс орнатқан. Азаматшаның жағдайы министрліктің бақылауында.

Қазақстандық дипломаттар азаматшаның туыстарымен және емдеуші медициналық мамандармен тұрақты байланыста. Тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында, – деп жазылған министрлік жауабында.

Еске салайық, Кувейтте 25 жастағы қазақстандық стюардессаның денсаулығы күрт нашарлаған. Ол Непалдан Кувейтке бағыт алған рейстен кейін өзін жайсыз сезінген.

Әлеуметтік желі қолданушысы Қайрат Бермұхановтың мәліметінше, осы рейстен соң экипаждың өзге мүшелерінің де дене қызуы көтеріліп, бастары ауырған.

Бастапқыда екі күн жансақтау бөлімінде ем қабылдаған бортсеріктің жағдайы жақсарғаны хабарланған. Алайда бірнеше күннен кейін денсаулығы қайта сыр беріп, айналасында болып жатқан жағдайды түсінбей, тіпті жақындарын да тани алмай қалған.

Осыдан кейін Қазақстан дипломаттары іске араласып, азаматшаны Кувейттегі медициналық мекемеге қайта жатқызуға жәрдемдескен.

Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастың жағдайына қатысты бірнеше болжамды қарастырып жатыр. Алайда оның қандай дертке шалдыққаны әзірге нақты анықталған жоқ.