Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Минскідегі жұмыс сапары аясында Украина басшысы Петр Порошенкомен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
— Барша Украинаға көмек көрсетуіміз қажет деп санаймын. Қазақстан Украинаның Оңтүстік-Шығысына гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Егер гуманитарлық қарауыл жасағы болса, қазақстандық Қызыл кресті қосар едік. Біз қай жағынан болса да, қажетті деген барлық қолдауды көрсетуге әзірміз, — деді екіжақты кездесу барысында Н. Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қақтығысты бейбіт жолмен шешілетіндігіне сенімін білдірді. Оның айтуынша, егер жағдай одан әрі ушығатын болса, бұл жаһандық қақтығысқа әкелуі мүмкін.
— Сондықтан біздің ұстанымымыз, менің жеке ұстанымым — соғысты тоқтату түйінін тауып, қалпына келтіру жұмыстарын бастау қажет, — деп атап өтті Н. Назарбаев.