$ 494.87  520.65  4.91

Елімізге экспортқа бағдарланған өнімдерді көбірек өндіру керек — Н.Назарбаев

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, кездесу алдында Президент «Кутузовка-Алиби» ЖШС алқаптарында егілген астықтың жағдайымен және өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өндірген өнімдердің үлгілерімен танысты. Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдары егістігі 4,3 миллион гектар болды, ал салаға бөлінген субсидиялар шамамен 17 миллиард теңгеге жетті.

Әңгіме барысында Елбасы барлық өзгерістерден хабардар болу үшін жұмысының аса қауырттығына қарамастан еліміздің ауыл шаруашылықты облыстарын аралауға уақыт табатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта мемлекет аграрлық секторға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

— Аграрлық секторды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы іске қосылды. Оның негізгі бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру. Бұл өте маңызды және ауқымды жұмыс, — деді Мемлекет басшысы.

Әңгіме барысында ауа райы дәл осындай Канадада гектарынан 20-25 центнер астық жиналатыны, ал Қазақстанда орташа астық шығымы 15 центнерден аспайтыны да айтылды. Нұрсұлтан Назарбаев аграршыларды озық технологиялар мен жұмыстың заманауи тәсілдерін белсене қолдануға шақырды.

Қазақстан Президенті ұдайы көңіл бөлуді қажет ететін тағы бір маңызды мәселе ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуды атады.

— Біз бидайды ұнға айналдырамыз, енді ары қарай жүріп, макарон және басқаларын өндіру керек, яғни өнімдеріміздің қосымша құнын арттыруды ойлау қажет. Қазір Кеден одағы аясында қазақстандық өндірушілердің алдынан орасан мүмкіндіктер ашылуда, мұны пайдалана білу керек. Таяу уақыттарда отандық өнімдерді Иран арқылы Парсы шығанағына шығаруға жол ашылады. Сондықтан бізге экспортқа бағдарланған өнімдерді көбірек өндіру керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы мал шаруашылығы саласын да дамытудың қажеттігіне назар аударды.

— Егін егіп, жинап алған оңай, бірақ біз бір тонна ет өндірісі бір тонна астық өндірісінен бес есе тиімді екенін де ойлауға тиіспіз. Бұл қысы-жазы жұмыс істейтін ауыл еңбеккерінің жұмыспен қамтылуы мен табысының өсуіне ықпал етеді, — деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар әлеуметтік саланы дамыту мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысы агрокәсіпорындардың басшыларын ауыл тұрғындары да қала тұрғындары секілді жоғары әлеуметтік мәртебеге ие болуы үшін қажетті нәрсенің бәрін жасауға шақырды.

Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Е.Сұлтанов Қазақстан Президентіне өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы мен жиын-терін науқанын өткізуге дайындық туралы баяндады.
Өңірдегі аграрлық сала өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығына мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыстарын айтты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары