12.09.2014, 11:05

Сенат депутаттығына үміткерлер бүгіннен бастап үгіт науқанына кіріседі

Сурет: liter.kz

Қазанның 1-іне белгіленген сайлауға орай, бүгін, 12 қыркүйектен бастап Сенат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген барлық үміткерлер үгіт науқанына кірісе алады. Сайлау алдындағы үгіт науқаны 2014 жылдың 29 қыркүйек күні сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Бұл туралы бүгін брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлім етті.

–      Барлық кандидаттарға үгіт жұмысын жүргізу үшін тең жағдайларға кепілдік берілген. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт жұмысын жүргізу үшін әрбір кандидатқа республикалық бюджеттен тең мөлшерде теледидардан 15 минуттық сөз сөйлеуіне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ, баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялануына қаражат бөлінген, – дейді Л. Сүлеймен.

Бұдан бөлек, кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті заңда белгіленген тәртіппен құрылатын сайлау қорларының қаражатынан қаржыландырылуы мүмкін. Бұл ретте Сенат депутаттығына кандидаттардың әрқайсысы жалпы қаражат мөлшері 13 млн. 976 мың 200 теңгеден аспауға тиіс сайлау қорын құра алады.

Ал жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп, барлық кандидаттар үшін үгіттік баспа материалдарын орналастыру орнын белгілейді.

Үгіт науқаны барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын бақылауды қамтамсыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізетін болады.

Еске сала кетейік, қазан айында өтетін сайлауға ұсынылған 88 үміткердің 53-і тіркеуден өткен болатын.