$ 496  588.01  6.42

Елбасы Қытай басшысымен экономикалық қатынастарды талқылады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқандай, келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық,  көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарына қатысты да бірқатар мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарға қатысты пікір алмасты.

Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады.

– Біздің елдеріміз отын-энергетика саласында белсене ынтымақтасуда. Бүгінде Қазақстан мұнайының 20 пайызын қытай компаниялары өндіруде. Қазақстан-Түрікменстан-Қытай газ құбыры да жақсы жұмыс істеп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының оң қарқынын атап өтті.

– Биылғы мамырда Сіз Қытайға табысты мемлекеттік сапармен барып, АӨІСШК саммитіне қатыстыңыз. Біздің Сізбен арамыздағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы уағдаластықтарымыз белсенді түрде іске асып жатыр. Өзара іс-қимыл жалғасын табатын болады деп үміттенемін. Екі елдің игілігі жолында ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасын Қытай Халық Республикасының алдағы 65 жылдығымен құттықтап қытай халқына табыс пен бақ-береке тіледі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0