Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі таратқандай, келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарына қатысты да бірқатар мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарға қатысты пікір алмасты.
Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады.
– Біздің елдеріміз отын-энергетика саласында белсене ынтымақтасуда. Бүгінде Қазақстан мұнайының 20 пайызын қытай компаниялары өндіруде. Қазақстан-Түрікменстан-Қытай газ құбыры да жақсы жұмыс істеп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының оң қарқынын атап өтті.
– Биылғы мамырда Сіз Қытайға табысты мемлекеттік сапармен барып, АӨІСШК саммитіне қатыстыңыз. Біздің Сізбен арамыздағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы уағдаластықтарымыз белсенді түрде іске асып жатыр. Өзара іс-қимыл жалғасын табатын болады деп үміттенемін. Екі елдің игілігі жолында ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз, – деді ҚХР Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасын Қытай Халық Республикасының алдағы 65 жылдығымен құттықтап қытай халқына табыс пен бақ-береке тіледі.