10.05.2017, 03:08

Оңтүстік Кореяда жаңа президент сайланды

Оңтүстік Кореяда өткен президенттік сайлауды «Демократиялық партия» өкілі Мун Чжэ Ин жеңіп алды. Ёнхап ақпараттық агенттігі елдің Ұлттық сайлау комитетіне сілтеме жасай отырып, жаңа президенттің 41,1 дауыс (13,4 миллион) жинағанын мәлімдеп отыр.

Ал, «Корей бостандығы» консервативтер партиясының өкілі Хон Джун Пхе - 24,3, солшылдардың «Ұлттық партиясынан» сайлауға түскен Ан Чхоль Су 21,4 пайыз дауыс жинап, саяси науқанда жеңіліп қалды.

Сайлау нәтижелері шықпастан бұрын өз жеңісіне сенімді болған Мун Чжэ Ин жаңа ұлт қалыптастыратынын, Ұлы Корей елін қалыптастыратынын мәлімдей келе, «мен өршіл ұлттың өршіл президенті боламын» деп атап өтті.

Жаңа президент сондай-ақ, сотталып жатқан экс-президент Пак Кын Хенің командасын да сынға алып отыр. Атап айтқанда, ескі үкімет Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасына төтеп бере алмады дейді ол. Мун Чжэ Ин екі елдің бейбіт байланысын қалайтынын мәлімдеді.

Еске салайық, Пак Кын Хе жемқорлыққа жол беріп, қызметін асыра пайдаланды деген айыппен президенттіктен шеттетілген болатын. Ол бірнеше ірі компания басшыларынан пара алған. Қазір ол уақытша ұстау абақтысында қамауда отыр.