Алматыда ҚР Парламент Сенатының депутаттарын сайлау науқаны басталып кетті. Жоғарғы палатаның босаған 16 орнына Алматыдан 1 депутат сайлануы тиіс болатын. Ал, үміткерлер саны - үшеу.
Үш үміткердің қайсысы депутат болады, оны шешетін Алматы қалалық мәслихатының 36 мүшесі. Олар бүгін құпия дауыс беру арқылы өз таңдауларын жасап, Сенаттағы Алматы қаласының өкілін белгілеп алды.
Сайлаудың әділ, заңбұзушылықтарсыз өтуін 17 халықаралық бақылаушы қадағалап отыр. Айта кету керек, биыл алғаш рет сайлаушыларды Орталық сайлау комиссиясына тіркеу интернет арқылы электронды үлгіде жүргізілді.
Сайлауға түсіп жатқан үш үміткердің де Алматының дамуына қосқан өз үлестері бар. Бәрі де қаланың көркеюін, тұрғындар құқығының сақталуын, заң талаптарының жоғары деңгейде орындалуын Парламентте отырып жалғастырмақ ниетте.
Мәселен, "Элитстрой Алматы" ЖШС-нің бас директоры Алексей Балаганский саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған. Қаладағы зәулім ғимараттардың бірқатары осы Алексей Сергеевичтің еңбегінің жемісі деп айтуға болды. Әлі 40-қа толмаған азамат бүгінде екі баланы тәрбиелеп отыр.
А.Балаганский секілді Динара Нүкетаева да өз кандидатурасын өзі ұсынған үміткер. Ол Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар университетінің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Еңбек өтілін мұғалімдіктен бастаған Динара Жүсіпәліқызы кезінде Парламент Мәжілісінде депутат та болған.
Сенаттағы бос орынға үміткер Бекзат Шуақов та кәсіпкер. Ол "Stamp service" компаниясының директоры. Алматыны көгалдандырып, жасыл желекке айналдырумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді.
Сайлау хаттамасына сәйкес, дауыс беру залына бөтен адамның кіруіне тыйым салынады. Мұнда тек сайлаушылар, сенімді тұлғалар, бақылаушылар, БАҚ өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана кіре алады.
Сайлаушылардың даусын санау ұзақ уақытты алған жоқ. 36 сайлаушының 32-сі Динара Нүкетаеваны сенатор болуға лайықты деп таныған және оған өз дауыстарын берген. Енді Орталық сайлау комиссиясының ресми мәлімдемесінен кейін Динара Жүсіпәліқызы жаңа қызметіне кіріседі.
Айта кетейік, Сенат депутаттары үш жылда бір рет 6 жылдық мерзімге сайланады. Сенаторлар Мәжілісте қабылданған заң жобаларын қарап, оны бекітумен айналысады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асу барысын бақылауларында ұстайды.
Дәл осы Ұлт жоспары аясында өзге мемлекеттік орган басшыларымен бірге Парламент депутаттары да өз сайлаушыларының алдында есеп беруін үдете түсетін болады.