$ 498.34  519.72  4.85

Партиялық жүйе – азаматтық қоғам қалыптастырудың басты құралы

Еліміз тәуелсіздік алысымен, билік алдында зайырлы мемлекет құру, азаматтық қоғам институттарын, оның ішінде саяси партиялар институтын қалыптастыру міндеті тұрды. Себебі саяси жүйеде күрделі сапалы өзгерістер болмайынша, басқа салаларда қандайда бір жетістіктерге жету мүмкін емес еді.

«Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады». Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңында саяси партияға осындай анықтама берілген.

Қазақстан қажетті экономикалық өзгерістерден кейін саяси жаңғыруды қоғамның жалпы саяси жүйесін реформалаудан бастады. Себебі билік саяси жүйенің негізгі институты ретінде мемлекетпен қатар саяси партиялардың да маңызы аса жоғары екенін жақсы түсінді. 

Қазақстан Республикасында саяси жүйе қалыптасқанға дейін елімізде бірыңғай идеологияны насихаттаушы жалғыз партиялы жүйе жұмыс істегені белгілі. Және бірнеше жыл қалыптасып қалған бұл әдеттен де арылу мемлекетіміз үшін оңайға соққан жоқ.

Жалпы, саяси партиялардың маңызы мен рөлі қоғамның саяси жүйесінде алатын орнымен ғана емес, азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесімен айқындалады. Яғни, азаматтық сана қалыптасқанда ғана қоғамдық дамудың барлық саласы демократияға бет бұрады. Сол себепті де саяси әлеуметтену міндетін атқаратындықтан саяси партиялар азаматтық қоғам институттарының ең жоғарғы деңгейіне жатады. Өйткені, дәл осы саяси партиялар алдына қойған мақсат пен міндеттеріне қарай белгілі бір топтардың, бірлесе келе жалпы қоғамның саяси көзқарасын білдіріп, мүддесін қорғайды.

Осы тұрғыда еліміздегі партиялық жүйенің қалыптасуы мәселесіне аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн. Себебі оның құрылымы арқылы саяси партиялардың өзара әрекеттесу ережесімен қатар, мемлекеттің өкілеттік және басқа да органдарының құрылу тәртібі айқындалды.

Саяси қоғамды демократияландыру жолында Қазақстанның партиялық жүйесі бірқатар өзгеріске ұшырады. Соңғы 25 жылда елімізді демократия жолымен дамытудың ең тиімді құралы ретінде көппартиялы жүйе қалыптасты. Соның арқасында саяси партиялар мемлекет пен азаматтық қоғамды байланыстырушы көпірге айналды. Осынау институттың көмегімен мемлекетті басқаруға, мемлекеттік аппараттың қызмет тиімділігін бақылауға азаматтық қоғам да араласа алатын жүйе қалыптасты. Және осынау жүйенің қалыптасуына мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысы барын айтпай кетуге болмайды.

«Тәуелсіздік алған күннен егеменді Қазақстан Конститциясын қабылдағанға дейін біз дезинтеграциялық процесстерді еңсердік, қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасын қаладық, бірпартиялық диктатурадан саяси плюрализмге ауыстық, осылайша демократиялық дамудың негізін қаладық», - деген болатын Президент Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында.

Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында елімізде саяси партиялардың еркін қызметіне барлық жағдай жасалған. Қоғамның осынау институтын дамытуға заңдық тұрғыдан да мығым демеу бар.

Ел егемендігін нығайту жолында Қазақстанның саяси партияларының жұмысын заңмен реттеу қажеттілігі туды. Осы мақсатта қабылданған ең алғашқы құжат 1991 жылғы 27 маусымдағы «Қазақ КСР-інің қоғамдық бірлестіктер туралы» заңы еді. Осы құжаттың арқасында бұған дейін заңсыз деп танылып келген түрлі партиялар мен қозғалыстардың қызметі заңдастырылып, ресми құрылым мәртебесіне ие болды. Кейін, 1996 жылы қоғамдық бірлестіктер мен партиялардың рөлі айқындалып, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Саяси партиялар туралы» қос заңы пайда болды. Ол екеуі де жалпыдемократиялық қағидаларға негізделе отырып, елімізде көппартиялы жүйені нығайтуды көздеді. Ал 2002 жылы қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заң Қазақстан Республикасында көппартиялы жүйені қалыптастыру жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтерді десе болады.

Сондай-ақ, саяси партиялардың қызметін реттеуде шешуші құжаттар қатарына Ата заңымыз бен саяси партиялардың бағдарламалық құжаттарын жатқызуға болады. Осы аталған құжаттардың көмегімен елімізде көппартиялы жүйенің қалыптасу тарихымен танысуға болады. Орайы келгенде, олардың демократиялық мемлекеттіліктің нормаларына толық сәйкестікте әзірленгенін айта кеткен жөн.

Жоғарыда айтылғандарды саралай келе, елімізде саяси партиялардың жүйелі жұмысына барлық жағдай жасалғанына көз жеткізуге болады. Десе де, «партиялардың қоғам арасында беделі неге төмен?» деген орынды сұрақ туындайды. Көшеде өтіп бара жатқан адамнан «Нұр Отаннан» басқа қандай партияны білесің десең, ойланып қалатыны жасырын емес. Оған партиялардың өздерінің саяси белсенділігінің төмендігі себеп дейді сарапшылар. Сондай-ақ сайлау алдындағы науқаншылық, нақты мақсаттың жоқтығы және тағы басқа факторлар еліміздің партиялық жүйесінің таза демократиялануына тұсау болып отырғаны жасырын емес.

Партиялық жүйе саясаттың ойыншығына айналмай, мемлекеттік басқаруға халықтың қатысуын қамтамасыз етуші мықты құралға айналуы тиіс. Жүйе әр партияның ашық әрі шынайы көзқарасының халық пен билікке әділ жетуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Ал партиялардың қызметі қоғам алдында ашық әрі жариялы түрде жүруі міндет. Сонда ғана халық партияға, ал партия қазақстандық демократияға сенім арта алады. Бұл жолда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі де орасан.

Негізінен, ширек ғасырда таза демократиялық мемлекет қалыптастыру мүмкін емес. АҚШ пен Батыс Еуропаның бай тәжірибесімен салыстырғанда, Қазақстан тарихында мұндай үрдіс бұрын соңды болмаған. Сол себепті демкоратияны еліміз қол жеткізуі тиіс ұлы мұрат деп қарастыруымыз керек. Ал оған жету жолы – демократиялану. Ол өте ұзақ процесс. Және елімізде партиялық жүйені дамыту демократиялану процессінің бір бөлігі ғана. Оған мемлекетпен қатар халық та қызу атсалысуы қажет. Халықтың азаматтық белсенділігі артпайынша, халық пен билік арасындағы дәнекер – партиялық жүйе де орнықты болмайды.

Демек, әр азамат енжарлықтан арылып, мемлекет өмірінде атқаратын рөлін анық түсінсе, жарқын болашақ алдындағы өз жауапкершілігін сезінсе, партиялық жүйе арқылы пікірі мен көзқарасын бүркемесіз білдіре алатын деңгейге жетсе, демократиялық басқаруға бет бұрған мемлекеттің іргесі де берік болары сөзсіз.

Алтын Ақиқат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары